Ескі архив · 18.03.2013 00:05

БІЗДІҢ ТІРЛІК

Неткен тірлік?! Бес күндігім – бес ғайып, Өз-өзіме тағып қайтем босқа айып? Жазмыш сірә жазуынан жаңылмас, Өмір-өлім – ұғымдағы қос қайық!.. Өтіп жатқан уақыт емес, біз екен, Қисық жолды мен қалайша түзетем? Өтіп жатыр бәрі жүрек арқылы, Қыс-жаз өтер, көктем өтер, күз өтер. Жалқы жүрек?! Жалғыздығым – лүпілдек, Әр лүпілден жыр ағады шүпілдеп. Сол зәмзәмнан ұрпағым да ұрттар-ау, Бабам айтқан: «суға сайтан түкірмек!» Олай болса, мен түкірдім сайтанға, Ерегістен кеткен есем қайтар ма? Керек маған періштенің пәктігі, Ақиқатты білгендіктен айтам да. Тірлік дейді?! Бес ғайыбым – бес күндік, Ерте жылап туғандықтан кеш күлдік. Жазмыш сірә жазуынан жаңылмас, Өмір-өлім – ұғымдағы қос құрлық!..
Авторы:
Beyneui

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту