Ескі архив · 27.03.2013 15:55

Мен көргім келетін БлогҚұрылтай-2014

Шымкентте өткен БлогҚұрылтай біраз түйткілдің басын ашып берді. Ұйымдастырушы жігіттерге айып жоқ. Қолынан келгенін істеді, ешкімді "қыңқ" дегізбей, күтіп алып, шығарып салып, аяғын жерге тигізбей күтті. Бірақ, жиынның ресми жағы біраз ақсап қалғанын мойындауымыз керек. Және ол ұйымдастырушылардың да кінәсі емес. Сондықтан, өз тарапымнан бірнеше ой айтпақпын. Келесі БлогҚұрылтай қай қалада болатыны әлі шешіле жатар. Бірақ, қай қалада болса да, сол қаланың белсенді азаматтары тек ұйымдастырушылық жағын: жұртты орналастыру, зал, интернет, жергілікті демеушілер деген сияқты мәселелермен ғана айналысса. Ал формат, тіркелу, байқаулар, байқауларға сыйлық беретін демеушілерді табу мәселелерін белсенді блогшылар арасынан комитет құрылып, солар өз мойнына алса. Қанша дегенмен, Астана мен Алматыда отырғандардың тәжірибесі молдау ғой. Біріншіден. Блогқұрылтайға тек блогы бар адамдарды ғана шақыру керек. Сан емес, сапаға назар аударатын кез жетті. Екіншіден, ол блог жыл бойы тұрақты түрде жаңарып тұратын болуы тиіс. Үшіншіден, әр аймақтан «тьютор» сияқты, келіп үйреніп, куәлік алып кетіп, өз еліне барып жұртқа үйрете алатын адамдарды шақыру керек. Төртіншіден, ол тьюторларға сабақ беру керек, шеберлік сыныптарын өткізу керек. Бесіншіден, asaubota айтқандай, блогерліктен колумнистікке өтудің жолдарын қарастыра бастау керек. Бес сурет түсіріп желіге салу немесе қазіргі көңіл-күйіңді сипаттап беру — блогер болу емес екенін түсіндіру керек. Интернет-журналистика — блоггинг емес екенін, твиттері бар кез келген адам СММ маманы бола алмайтынын түсіндіру қажет. Шеберлік сыныптарын мынадай тақырыптарда өткізуді ұсынамын: блог жүргізу ережелері, этика мәселесі, троллинг, блогинг психологиясы, блогингтің түрлері, жанрлары, жаңа медиа мен блогингті ұштастыру, блогингтен жаңа медиаға өту, тағы ұсыныстарың болса, пікір ретінде жаза беріңдер. Блогтар байқауы өтуі тиіс. Және, блогқұрылтай алдында бір айда ғана жазылған, шыққан жазбалар емес, жыл бойы жазылған блогтар ғана қатыса алады. Ол блогты барлық критерийлер бойынша бағалау керек: көрілім саны, лайктар, комменттер, комментердің реңкі (тональность), ол жазба тудырған резонанс деген сияқты. Үздік блогтарды анықтау керек: үздік твиттерші, үздік фэйсбукшы, үздік лайв-стрит блог, үздік стендалон блог. Үздік жазбалар: әлеуметтік тақырыптағы, өнер тақырыбындағы, танымдық, дәрістік, шолу, техникалық, тағы сол сияқты. Әсіресе, колумнистікке қарай бет бұратынымз бар, әлеуметтік тақырыптағы үздік жазба таңдалуы міндетті деп ойлаймын. Не болмаса, сол жазба қандай да бір резонанс тудырып, сол арқылы әлеуметтік түйткілді мәселе шешіліп жатса, ол міндетті түрде аталып өтуі тиіс. Өйткені, блогингтің басты мақсаттарының бірі сол. Тіпті, «жыл холивары» деген номинация да керек. Биылғы құрылтайда КерекИнфолық жігіттер біраз номинация таратты, ол дәстүрге айналса, және сонымен бірге жалпы қазнет бойынша сондай номинациялар болса. Жылдың үздік блогерін міндетті түрде анықтау керек. Және, жұртты жиып алып, блог ашуды үйрететін жастан кеттік деп ойлаймын. Кем дегенде он бір сыныптық білімі бар адамның басы оған өздігімен жетуі тиіс. Меніңше осылай болса деген тілек. Алып-қосарларың болса, жаза беріңдер.
Авторы:
dark_nazgul

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту