Аутсайдердің түйгендері #bckz13
«Барған да, бармаған да арманда» деп осындайда айтылса керек. Қалың ел [блоггер атты] жыл сайынғы дәстүрлі құрылтайына барып келді. Бара жатқанда, препатиде, патидің өзінде, автепатиде әр түрлі суреттерін жариялап қанды да ішті, тұзды да жалатты. Иә, сырт көзге қарағанда алдыңғы екі жиынға қарағанда, осы жиын тамаша өткен секілді. Кәдімгідей ел боп қалыппыз, кәдімгідей мықты ұйымдастырылған. Санамаламай-ақ қояйын, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген барлық қыз-жігіттерге ақ алғыс.
Ал енді «сырт көз» демекші, сырттан қарап отырып мынадай бір ойларды түйгенмін, соны ұсыныс ретінде ме әлде жеке пікірім ретінде ме айта өтуді құп көрдім.
Сонымен:
• Шыны керек, қанша блоггер жиналса да Астана Интернет Форумындағыдай туиттер жарылмады. Туиттерге жеке өзіне бір адам, құрылтайдың ФБдағы парақшасына бір адам, блогкэмп сайтына бір адам отырғызу керек екен.
• Ілмектің #bckz13 екенін A4 қағазға жазып, блоггерлер отырған жердің төрт бұрышына іліп қою керек. Атамекен Стартап кезінде олар сөйткенін көргем. Әйтпесе әркім әртүрлі жазып кетті.
• Ілмектің фидын, яғни тізбегін сайтқа шығаратын бір тетіктер болу керек, қателеспесем. Соны пайдаланып, оны да сайтқа шығару керек сияқты. Сонда реалтайм жаңару болып тұрады.
• Блогкэмп сайтына болып жатқан шараның уебтрансляциясын басқы бетке шығару керек.
• Алдыңғы екі құрылтай мен Астанадағы форумда және ҚазСРК кезінде болғандықтан түйгенім, үлкен жиынға келгенде, бұрын-соңды көп ешкімді реалда көрмегендер бар қызықтан құр қалатындай сезімде жүріп, туит жазудан, ыстық нүктеден ақпарат беруді бірден естен шығарады. Осыны ескере отырып, енді келесі құрылтайда осыған дейін елдің барлығын [Барлығын болмаса да көпшілігін] көріп, танысып болған Назгүл, Патик, Қисық, Розкабай, Айкона, Мейіргүл, Еркеқыз, Қалдықыз, Аршат, Конвикт, Ербол, т.с.с. сияқты «динозаврлар» осы шаруаны қолға алса. Яғни оқиға орнынан жедел ақпарат таратып отырса.
• Серікқазы Кәкібала атты ағамыз бар. Таныстырып жату артық болар. Сол ағамыздың "Қазақ Интернеті" атты қоғамдық ұйымы бар. Ендігәрі құрылтайға қатысты, жалпы ҚазНетке қатысты барлық шаруаны сол ұйымның атынан жүргізсек? Бұл өз кезегінде демеушілермен қарым-қатынас кезіндегі ресми істерді реттеуге жақсы болады деген ойдамын.
• Осы "Қазақ Интернеті" атты қоғамдық ұйымның жанынан қор құрсақ? Осы ұйымның ерікті мүшелері ретінде сол қорға әркім өз жағдайы келетін шамада ай сайын қаражат аударып отырса? Айталық, 100 блоггер болсақ, айына 1000 теңгеден аударсақ, бір жылда 1 200 000 теңге қаражат болар еді. Ал ол қаражатты құрылтайды ұйымдастыру алқасын құрып, соның шаруасымен жүргендерге жолақы, ақылдасу кештерінің шәйақысын, анау-мынау жүгіру кезіндегі ақысын өтейтін, блогкемп сайтының хостингі мен доменін көтеретін (тиын болса да), уебтрансляция жасағанда iframe-ді блогкемп сайтына орналасу ақысын, сондай-ақ осы шара барысында туындайтын барлық жұмыстардың шығыны осыдан төленсе.
• Мүмкін ол 100 блогшы 2000 не 3000 теңгеден айына аударсақ, кешегідей футболканы лақтырып кететіндей, жалғыз Батырдың қалтасына түсетіндей жағдайда, тіпті керек болса еш демеушісіз өтетіндей, планшеттер мен азын-аулақ стартаптардың да қаражатын көтерердей ақша жиналар еді.
• Сосын мен сияқты жердің бір жерінде пойызбен келуге уақыты жоқ, ұшақпен келуге қаражаты жоқ адамдар үшін [егер ол шеберлік сыныбын не баяндамашы болса] жол ақысы төленетін болса. [Міне, осы жерге келгенде барлығыңыз: «Манадан бері айтпағың осы ма? Ееее, түсінікті болды ойың» деп қара мысық жүгірткен жоқ деген сенімдемін. Ондай ойдан ада болыңыздар!]. Шыны керек, пойызбен барып-қайту үшін уақыт тым көп кететін болды. Оның үстіне мен отбасыммен бармақ ниетте болдым. Бұл енді кәдігідей проблема етін. Менің бұл жағдайымды бір кездері құрылтай Ақтауда болғанда Алматыдан, Шымкенттен келетіндер анық түсінер. Сол кезде бір Тимурдың келмей қалғаны ештеңе емес, Алматыдағы пішен блоггер келмей қалғанда бұл анық мәселе болады.
• Асхат құрдас құрылтай кезінде туиттерге «Сонша блоггер жиналып ақыры не түйін болғанын жазбады» деп еді. Осы уақытқа дейін қанша баспасөз бен блогтарда рептер жазылып жатса да Асхаттың сол айтқаны әлі орындалмады. Жыл сайын кездесеміз де тоқетері айтылмай қалады. Бұл мәселені де Аршат, Назгүл, Нұрғиса секілді тісқаққан блоггерлер қолға алса деймін. [Өзімнің басымды алып қащып жатқан жоқпын, үлкендерге, алдыңғы толқынға жол беріп жатқаным]
• Жалпы Асхат сол кезде құрылтайға қатысты, блоггинг, блоггерлерге қатысты біраз сұрақ қойды. Солардың барлығы ашық қалды. Оған ауызша не жазбаша жауап берілсе, кейінгі толқын үшін біраз бұлт сейілер еді.
• Блогкемп сайтынан ба, әлде осы керекинфодан ба "Құрылтай кемшіліктері" атты бір бөлім ашу керек сияқты. Әйтпесе әр жер, көр жерде біреулер бірдеңе деп күңкілдеп, не нақтысын айтпай, не мақтауын айтпай, әйтеуір бірнәрсе дегісі кеп жатыр. Қаласа, солар келіп жазсын мына жұрттың назарына. Есесіне жауабы берілер не келесі жиынға сабақ олар.
Бұл енді дәл қазір ойыма келгендер. Мүмкін болса, толықтырармын. Болмаса, осы.
Айтпақшы: осы құрылтайда маған ееееең ұнағаны Талғат Байназаров бауырымның Аршат пен Ерболға сыйлық ұсынғаны болды [Маған ақпарат солай жетті, рас па?]. Қазақтың марқасқа жігіттері бір-бірін осылайша көтермелеп, марапаттап жатса, "Өсер елдің баласы, бірін-бірі батыр дер" деп осыны айтқан болар. Бәрекелді. Шын қуандым. «Келесіде үлгі қыларлық әрекет екен» деп түйіп қалдым.
Осы!
Айтпақщы #2: "Қазақ Интернетіне" менің еш қатысым жоқ, Серікқазы аға да мен білсем адай емес. Сол үшін де тағы да қара мысық жүгіртпеулеріңізді өтінемін. Бұл тек арамызда жүрген ағамыздың тым жақсы ұйымын неге пайдаланбасқа деген сұрақ еді. Аты да, заты да керемет. «Медиалабтықтар» мен басқалар еш ренжімесін. "Қазақ Интернеті" қанша дегенмен қазақ интернеті ғой. Баршамыз соның астына жиналсақ, мықты күш болар едік.
