Қыздардың сезімі осылай екен
Қос жанарың шақырды келе ғой деп,
Тобығыма сусыды ала көйлек.
Тап бергенде мен тұрдым жеп қояр деп,
Қос алмамды қолыммен көлегейлеп.
Мамық төсек шарапсыз мас қылардай,
Аласұрдық жын буған бақсылардай.
Жаншығаның жанымды шығарардай,
Жаным деген сөздерің жақсы қандай.
Не қойып, не болғанын ұғына алмай,
Құшағыңды жазбайсың құны бардай.
Айрап-жайрап жатамыз сонан кейін,
Бағанағы ұяттың бірі қалмай.
Терезеде сөнбеген шырақ қалмай,
Тәнімізден тарайтын шуақ бардай.
Сабырыңды сарқығым келетіндей,
Сандығымды жатырмын шын ақтармай.
Түгелімен от құшып жатқандайсың,
Түніменен тәттімді татқандайсың.
Сандығымды айқара ашқан кезде,
Сен де бәрін жайқала ақтарғайсың.
Жүз иілтіп денемді, жүз бүктіріп,
Жүз тараптан жатқандай кездік кіріп.
Үркіп қашып жатамын, іркіп қалып,
Үлгертпейін дегендей… үздіктіріп.
Шыңғырсам, шабыттанып шалықтайсың,
Тындырсам, талып барып қалықтайсың,
Теңізіме сүңгіген сайын семіресің,
Жағаға шыққан сайын арықтайсың.
Жұптасқанда жалаңаш… жарасарсың,
Жан шақырып, тебініп, таласарсың.
Оймағыма кіргенде кептелерсің,
Орманыма енгенде адасарсың.
Тілді тілмен табарсың, сорып-сүйіп,
Сәл дірілдеп қаларсың тоңып, күйіп.
Қимасымды алғанда қиналармын,
Бере салдым екен деп неғып қиып.
Тамағымнан қытықтап талдырарсың,
Өшкенімді өптіріп жандырарсың.
Құмарыңнан шығарсың, құлшынарсың,
Құмарымды менің де қандырасың.
Сырғалықтың түбінен үн қатарсың,
Жүрегіңнің лүпілін тыңдатарсың.
Жүз шақырып жаныңды, жүз өлтіріп,
Жұмағына ләззаттың бір батарсың.
Түннің түріп етегін, түрленерсің,
Тәтті күйге енерсің, гүлденерсің.
Тағат таппай, тыншымай, талып түсіп,
Таңға жетіп бәріне үлгерерсің.
Кездігіңді соңғы рет сұғынарсың,
Кереметін ләззаттың ұғынарсың.
Көрпеңді де жабуға шамаң келмей,
Көлденеңдеп жатқалы тынығарсың.
Ең керемет түс көріп, мияттанып,
Елітерміз кеудеден күй ақтарып.
… Ертеңгісін кетерміз екі жаққа,
Ештеңе де болмаған сияқтанып.
