Аида Жанарбекова (Қазақстан қыздар гандболы құрамасының шабуылшысы): Әр спортшының мақсаты – Олимпиада!
Гандбол — қазақ үшін таңсық спорт түрлерінің бірі. Гандбол ойнайтын қазақтар өте аз. Бүгін Гандболдан Қазақстан Ұлттық Құрамасының ойыншысы Аида Жанарбекованы таныстырғымыз келеді. Аида тек спортшы ғана емес, ол КерекИнфоның белсенді мүшесі. Сайттағы логині: Aidakonya
– Гандболды таңдауыңа не себеп болды? Қашаннан бері айналысып келесің?
– Кішкентайымнан спорттың кез келген түріне бейім болдым. 5 сынып оқып жүргенімде дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Минеева Вера Ивановна және Юсупов Мажит Каримович мені гандбол үйірмесіне шақырды. Сол кезде гандболдан ештеңе білмейтінмін. Мені арнайы шақырғандықтан, жауапкершілікпен қатысып, ойнап жүрдім. Жаттығуды құр жібермейтінмін. Гандболға қызығуыма бапкерім де әсер етті. Ол кісі менің кумирім еді. Соған ұқсағым келді, оның ойы, пікір маған өте қызық болатын. Сондықтан, бар мүмкіндігімді салып жаттықтым. Қазір де сол тәртібімнен айныған жоқпын.
– Командада сенен басқа гандбол ойнайтын қазақ қызы бар ма? Жалпы қазақтардың бұл спортқа қызығушылығы қалай?
– Құрбыларымның арасында елімізде ғана емес, шетелде де ел намысын қорғап жүрген гандболшы қазақ қыздары жетерлік. Гандбол спорты біздің елде бокс, күрес тіпті футбол тәрізді танымал емес. Еуропадағы қол добына құмарлар бізден анағұрлым көп. Соған қарамастан, әлем, Азия деңгейінде Қазақстан гандболына оң көзқараспен қарайды. Халықтың көбі «гандбол» туралы біле бермейді ғой. 100 адамның 80-і қандай спорт екенінен бейхабар.
– Командалық ойындар ішінде гандбол ауырларының бірі, әрі жарақаты көп болады ғой. Сендерде қалай? Әлде, қыздар гандболы бейбіт өте ме?
– Жарақат алатынымыз рас. Бірақ, төбелеспейміз. Кейде түсініспеушілік орын алып тұрады, ондай жағдайда тез шешімін табуға тырысамыз. Оның үстіне, гандбол тек ғана ойын. Өзіндік тәртіптері, ережелері қалыптасқан, сондықтан, келеңсіздікке жол берілмейді.
– Басқа қандай спорт түріне қызығасың?
– Жүзу, баскетбол және үлкен теннис ұнайды. Алда-жалда гандбол болмағанда, үлкен теннисті таңдайтын едім.
– Қай елдің гандболшыларының ойыны көңілінен шығады?
– Оңтүстік Корея мен Швеция спортшыларының ойын өрнегі ұнайды. Олар әдемі ойынмен қатар үнемі жаңа әдістер көрсетіп отырады.
– Шетелде ойнағың келе ме?
– Әлбетте! Шетелде ойнау тәжірибе жинақтауға септігін тигізеді. Әрі ойыншы ретінде өсіп, дами түсесің.
– Жоғары білімің бар ма? Келешекте спортты таңдайсың ба, әлде басқа саламен кетесің бе?
– Қазір туризм саласында жоғары білім алып жатырмын. Болашақта не болатынын уақыт көрсетеді. Әзірге өмірім гандболмен тығыз байланысты.
– Спортпен айналысып жүріп жастық шақтың қызықтарынан құр қаламын деп ойламайсың ба? Жалпы тұрмысқа шығу жоспарыңда бар ма?
– Керісінше, жастық шақ қызықтарын толықтырады. Оқушылар жазғы демалысқа шыққанда ата-аналары ауылға жібереді ғой, ал біз болсақ еліміздің ең тамаша, табиғаты әдемі жерлерге барып жаттығамыз. Ол жақта 24 сағат бойы жаттығу жасамаймыз, көптеген қызықты іс-шаралар ұйымдастырып өткіземіз. Балалық шағым өте қызықты өтті және жастық шағым да гандболдың арқасында қызыққа толы. Туризмге, саяхат жасауға қызығамын, ал гандболдың арқасында бір талай шетелдерін араладым.
Әр қыздың арманы ақ көйлек киіп сүйгеніне қосылу, одан бала сүю. Бірақ әр нәрсе өз уақытымен. Алдағы 5 жылда гандбол мен оқуда ғана жоспарладым. Кейін жаратқанымыз өмірлік серігімді кездестіріп жатса, тұрмыс құрудан бас тартпаймын.
– Егер спорт пен жанұялық өмір арасында таңдау тұрса қайсысын таңдар едің?
– (Күліп) Екеуі де маған керек. Дегенмен, гандболмен шұғылданып жүруіме қарсы тұратын жігітпен жанұя құра алмаймын. Гандболды таста деген жігіт – менің адамым емес. Онымен болашағым жоқ екеніне сенімдімін.
– Әдетте спортшылар Олимпиада чемпионы болу секілді белгілі бір мақсат қояды. Қалай ойлайсың Қазақстан гандболы келесі Олимпиадаға қатыса алады ма? Негізгі қарсыластарың кім?
– Әр спортшының мақсаты осы – Олимпиада! Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бәрі Алланың қолында ғой! Бірақ өткенімізге көз жүгіртсек, қазіргі гандболдағы мүмкіндігіміз әлдеқайда өсті. Құрамадағы легионерлер азайды, жеңілген күннің өзінде де тәжірибе жинадық. Ал бұрын ондай да мүмкіндік болмаған еді. Қазақ жастарын спортқа тарту үрдісі енді басталып жатыр. Басым бөлігіміз қазақстандықтар болғандықтан, Олимпиадаға қатысуға бар күшімізді саламыз. Негізгі қарсыласымызды айту қиын. Өкінішке қарай әлемдік деңгейде рейтингіміз төмендеу. Бірақ Азия елдері арасында Оңтүстік Кореядан кейін екінші келе жатырмыз. Тәжірибе көбірек қажет бізге. Еңбек, еңбек тағы да еңбек…
– Спортшылар әдетте 30 жаста «зейнетке» шығады. Одан кейінгі жоспарларың қандай?
– Спорт ол мәңгі! Адам 30 жасында да спортпен айналысуы мүмкін, ол әр адамның таңдауы. Мен болашағымды спортсыз елестете алмаймын. Егер спортқа мүлдем жарамай қалсам, мүмкін бір құраманың (гандболшылардың) менеджері немесе т.с.с. бір қызметін атқарармын. Алайда, спорттан алыстап кетуім екіталай.
– Әңгімеңе рахмет!
Сұхбаттасқандар Аршат Оразов және Абай Отар
