Сорудан шаршағандарға
Ақыры темекі туралы әңгіме болып жатыр екен. Бір кездері күн сайын бір жарым-екі қорап темекі шеккен адам ретінде мен де білгеніммен бөлісейін.
Темекі тастаушының ең бірінші қателігі — темекі тастағысы келетінін мойындамау. Оның бірнеше сылтауы бар:
— Темекі ширыққан жүйке талшықтарын жұмсартады;
— Темекі тартпасам жұмыс істей (жаза) алмаймын;
— Шылым шеккен маған ұнайды;
— Темекіні іздеп шекпеймін, бар болса бар, жоқ болса жоқ, т.с.с.
Оттаған әңгіме! Менің ойымша, кез-келген шылымқордың ішінде "Қойсам ғой" деген арман жатыр. Алайда, ерік-жігерін жиып, тастап кету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Кейбіреулер, өзіне шындап сөз беруге де қорқады. Өйткені, шыдай алмай шегіп қойса, ар-ұятының алдында «жігіттігін» жоғалтып алады. Бұл ең үлкен қорқыныштың бірі. Мен де сөйткем. Осы жолы қойдым деп емес, қойып көрейін деп, процестің финалына старттан бастап сенімсіздік танытатынмын. Әрі кетсе екі апта шыдаған шығармын.
Сонымен, темекіні тастау үшін не істеуге болады?
Никотинді сағыздар
Бұл алданыш. Адам ағзасы никотиннен көрі, темекі шегу кезіндегі әдеттерге мұқтаж. Түтінді сору, темекіні «мачо» кейіппен ұстау, міне осыларға деген қажеттілік басым. Сондықтан, шайнаң-шайнаң етіп, бәрібір ұзаққа бармайсыз. Көргем.
Пластырь
Көктамырлардың үстінен жапсырып қоятын пластырьлар да болады. Пайдаланып көргенім жоқ. Сенімім аз.
Аллен Карр. «Темекі тастау ең оңай жолы»
Бұл кітап туралы бір кездері жазылыпты. Мен 2007-жылдың 29-сәуірінде осы кітапты оқып бітірдім. Соңғы тал темекіні шегіп болып, әбден мыжғылап сөндірдім де, мүлде ұмытып кеттім. Иә, дәл солай! Содан бері шылым шекпек түгіл, шеккен адамдарға ұрысып керім болып жүрмін. Сол кездегі жұмыстастарымның ішінен 11 адам маған ілесіп осы кітапты оқып шықты. Бәрі қойып кетті. Алайда, ішкен кезде құтырып кететін кейбірі кейін беріп шегіп қойды.
Ең бастысы, адам шылымды тастағысы келетінін мойындауы тиіс. Жоғарыда айтылған сылтаулардан құтылуы керек. Әй, мойындасаңдаршы, түтін сасып жүрген шынымен жаман-ақ қой. Әйтпесе, мына видеодағы мұндардың кейіпін киіп жүруің ықтимал.
Бұл жігіттің аты Ибрагим Юзель. Бейшара темекіні тастау үшін мынадай дуылға ойлап тауыпты. Үйден шығарда киіп алатын көрінеді. Кілті әйелі мен балаларында. Әлде, сізге тек осындай амал тиімді болады ма?
