Тер шығарар
Алдап тұрған жоқпын. Бұл шынымен тер шығаруға көмектесетін пост.
Жақсылап сорпа ішкің келетін, бірақ, кәдімгідей үлкеееен тамақ істеуге ерінетін кездеріңіз болатын шығар? Ондайда мынау бір таптырмайтын ас. Қарапайымдығы да Джейми Оливер ұялып қалатын деңгейде.
Керегі бір уыс күріш.
Үйдегі кастрюль/қазанның біреуін алып, ішіне толтырып су құйып, күрішті салып, қайнатасыз. Тұз саласыз, бұрышты қалауыңыз білсін. Сатырлатып қайната берсеңіз, күріш он-он бес минутта піседі.
Енді майға бөктірілген сардина керек.
Консервіні ашасыз да, қайнап жатқан күріштің үстіне құя саласыз. Тағы екі минут, сорпа дайын. Анау-мынау емес, балық сорпасы. Терлеп отырып, бір тілім нанмен соғып алыңыз.
Айтпақшы, фантазияңыз бен шкафтағы ингредиенттердің молдығы мүмкіндік беріп жатса сорпаны түрлендіре түсуге болады. Ең жиі кездесетін варианты жуа мен картоп қосып жіберу.
