Ескі архив · 29.07.2013 17:06

Карагандада да Домбыра PARTY өтті!!!

Жанасыл «Сапаржай» жақтағы теміржол вокзалына уақыт оздырмай тез жетті. «Сапаржай» жақтағы деймін-ау, одан басқа жерде т/ж вокзалы бардай. Ол бір топ біздерді шығарып салуға келген-ді. «Чырт» етіп фотоаппарат жадысына жол тарттырған «электричкамен» Қарағандыға бастаңғылатып жол тартып бара жатқан суретімізді іле-шала Фейсбуктен көрдік. Біз ол суретке жеткенше Омар Анарбаев «лайктап» үлгерген еді… Қарағандыға жеткен бойда жайлы жай мәселесін жай шешпей, бірден тиянақтап алдық. С.Ерубаев көшесі біздің уақытша резиденциямыз бола шықты. Сағат – үштер шамасы, саябаққа тарттық. Шабыт қысып, ішіне сыймай бара жатқандардың бірі Алмас еді. Қуанышымызға орай, қәжетхана тез табыла кеткенін қарасайшы! Түскілікке ішілген қымыз самопал еместігімен тәнті етті-ау деп ойлағым келген. Қымыз демекші, жанымыздан бір елі ажырамай жүрген Айсұлтан Жаңаарқа жаққа тартып кетсек пе дегенді бірнеше қайтара ұсынды. Уақыт тапшы болғасын реті келмеді, әйтпесе идеяға сансыз мадақ пен лайк аялмады. Айсұлтан демекші… Қарағандыда, Айсұлтанның сөзіне сену керек болса, ең қазақы орта Майқұдық сияқты. Бұл біздің Қарағандының қақ ортасында қазақ неге аз деген қызығушылымызға берілген жауап. Шегіркөздінің үлес салмағы анағұрлым көп деуден гөрі, елдегі ең ірі қалада қандастарымызды аз кезіктірдік дейік. Содан да шығар, Қарағандыдағы алғаш Домбыра PARTY флешмобында адам қарасы тіпті Стамбұлда жиналған адам санынан аздау еді. Оған мойитын біз бе? Біздің көксегеніміз бульвар толы адам жинау емес. Бірақ Алмастың көсіле шапқанын көру керек еді. Ол ол ма, Маралбектің арқасы Арқа төрінде қоза түсіп, арқа-жарқа болдық та қалдық. Жалпы, Маралбек конферансье ролінде шашбауымызды көтере жүріп, өзінің бойындағы дарынды бүгіп жүр ме деп ойлаймын. Әйтпесе, әуселесін қарағандылықтар байқады. Қарағандыда біз Ақсәулені таптық. Баяғы танысымыз. Сағынып қаппыз. Ол он сегізге толған жас ару, өз бақытын енді кімнен сұрарын білмей қатты сенделді. Қиналды да… Аяғаны ма екен, көңіліне селкеу түсірмей, бәрі жақсы әні болуға тырысып бақты… Дәу Гөжек. Дәуін қайдам, бірақ шынымен Гөжек екен. Домбыра да тартатынын білмеппін. Ол тартқанда біріміз қалмай түгеліміз әуелей жөнелдік. Бойына көп сыр бүккен, талапты, талантты жігіт. Өзіндегі барымен бәрімен бөлісті. Мықты рухани азық еді… Бір атап өтерлігі, біз ән айтып жатқанда әрлі-берлі ағылысып жатқандардың ішінде қазақ еместері де бір сәт кідіріп, қызықтап жатты. Видеоға түсіргендері де кездесті. Ең үздік тыңдаушымымыз – бізге шеше боларлық жастағы үш-төрт апа еді. Басынан соңына дейін тапжылмай отырды, қол соқты, жігер беруші эпитеттерін аямады. Олар үшін дайындаған сюрпризіміз Алдан еді. Олар үшін сюрпризіміз Алдан болғанда… мәселе былай ғой: Алдекең сәл кідіріңкіреп қосылды. Ол келе жатқан кезде Маралбекті кешті түгесуімізге шақ екенімізді айтқалы жатқан. Әлгі, сюрприз жігіт келді де, апаларды жатқызып тастады. Өзінің шармымен, даусымен, репертуарымен. Алдекең, жалпы, салмақты жігіт. Оны көргендер бұл сөзімді екі сөзге келмей растар: қашанда нұр дидарлы ол ортасын қыран-топан күлкіге батыратыны бір бөлек, сонысына қоса әр нені орнымен, бабымен айтып, істейтін тұлға. Жеке-жеке мақтап кеткендей болмайын – бірақ мен бұл жігіттерге ессіз ғашықпын. Әрбірі бір төбе. Мысалы Аршат. Бойы 1,76… PARTY-турдың партитурасы осылай болды. Ойланағымыздай өтті. Оларда «Біремен музыканттары» болса, біздікілер қанаттана жүріп, ұшып-қонып жүріп өздерін «Астана сазгерлері» дегісі келді. Де райынан тез қайтты. Адам шабыты тарқамаған күйі талай қиялға берілетіні бар емес пе еді… Қайтар жолда бұл сапарлардың соңғысы болмауы керек деген байламға тоқтадық. Тың жерлер әлі де игеріле түседі. Тамыр мен бойға қан жүгіртіледі. Қазақтардың қан-тамыр ауруларына шалдықпауы үшін ойлап тапқан терапиямыз ем-дом бола ма, жоқ па, байқай жатармыз, амандық болса. Тар қапас офис ауқымынан кеңірекке ұмтылғың келеді. Күнделікті қарабайыр тірлікке жұтылып кетпеу үшін, бір сыдырғы қағазбастылықтың өз ықтиярымен мойынсұнған құлы боп кетпес үшін. Әлгінің күшімен осындайларды айтып-айтып жібергің келеді екен. Бүгін бәріміз жұмысымыздамыз. Офисте қағаз үйіліп қапты…
Авторы:
Nurgisa

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту