Ескі архив · 12.08.2013 11:55

Үкіметтен көлік ал!

Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау отандық көлік сатып алу үшін несие алғысы келетіндерге қолдау көрсету үшін үкімет тарапынан субсидия бөлу туралы ұсыныс айтыпты. Өткен аптада Үкіметтің және отандық автокөлік өндірушілері арасында осы бағдарламаны талқылауға арналған жиналыс өтіпті. Ол туралы бүгін Қазақстан автобизнес ассоциациясы таратқан пресс-релизде айтылды. Субсидия беру механизмі жасалып қойыпты. Субсидия тұтынушыға несие рәсімделгеннен кейін беріледі. Яғни, 15 пайызбен несие алса, оның 7 пайызын үкімет төлейді де, 8 пайыз автокөлік сатып алған адамның өз қалтасынан шығады. Мемлекет ай сайын пайыздық мөлшерлемедегі айырманы банкке тікелей төлем жасау арқылы жауып отырады. Қосымша ақпарат алу үшін хабарласқанымда, бұл әлі тек талқылау барысындағы жоба екенін, қай кезде іске қосылатынын білмейтіндерін айтты. Бұл бағдарлама бойынша Қазақстан аумағында шығарылып жатқан, келесі жылы іске қосылатын өндірістердегі автокөліктерді сатып алуға болады екен. Яғни, SsangYong, Kia, енді шығарыла бастайтын Toyota Fortuner, тағы қандай маркалар бар, бәріне жүреді екен. Қосымша ақпарат берген адамнан «бұл бағдарламаны барлық банктер қолдай ма? Қарсылық білдіріп, тыс қалатындар болмай ма?» деп сұрағанымда, «жоқ, біздің ойымызша, банктер бұған мүдделі» деген жауап алдым. Сонымен, енді тек күту ғана қалды. Бағдарламаның мақсаты — отандық өндірушілерді қолдау, бірақ түптеп келгенде, пайдасын тұтынушылар көреді деп отыр.
Авторы:
dark_nazgul

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту