Ескі архив · 26.08.2013 14:12

Фанаттың сатқындығы

Футболдағы фанат ұғымы қалай өзі? Белгілі бір клубқа жан-тәнімен жанкүйерлік етуі ме? Жалпы футболға Отан ұғымы керек пе? Басқа елге, клубқа жанкүйерлік етудің несі айып? Гаста адамдардың неліктен бір жаққа фанат болатынын ашып түсіндіре алатын шығар, бәлкім. Мені мазалап отырған сұрақ — өз елінің клубына жанкүйер болмағанды сатқын деу лайықты ма? Өткен аптада «Шахтер» — «Селтик» ойынында шотландықтарға жанкүйерлік танытқан қазақ жігіті туралы естіген шығарсыздар. Сол жігіт вконактедегі парақшасына жауап жазыпты. Егер атын шығаруды мақсат етті десек, онда Жәнібектің жолы болды. Алайда, көпшіліктің алдында сүйкімсіз болды. Тіпті, Отанын сатты деп кесіп айтамын. (Бұл сөзім үшін мені айыптауларыңызға болады). Бала күнімізде «а», "ә" сыныбы болып жарысатынбыз. Одан қала берді басқа сыныптармен бәсекелесеміз. Аймақтық жарыстарға барсақ, өзіміздің мектепке болысамыз. Ауданда аймаққа, облыста ауданға… Осылай кете береді. Төбелессек те көше-көше болып күш сынастық. Көрші ауылдың балалары келгенде күні кеше ғана өзіміз ұрған немесе таяқ жеген жігіт үшін тұратынбыз. Сол көрші ауылдың балаларымен бірге ауданға бара қалсақ, басқа аймақтан келгендерге біріге доқ көрсетеміз. Аудан, облысқа әртүрлі жарысқа барғандар мұны жақсы түсінеді. Мұның себебі — адамдардың бірігуге мұқтаждығы. Елестетіп көрейікші: аймақтық жарысқа бардың делік. Ауылдастарыңа болысудың орнына әңгімең көптен бері жарасып жүрген көрші ауылдың жігіттеріне жақтастың. Сонда не болатын еді? Әлбетте, одан кейін көшеге шыға алмай қалатыныңа мен кепіл. Бекерден бекер «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп үйретпеді бізге. Жоғарыда бала күніміздегі жағдайды келтірдім ғой. Қазіргі кезде де соның ұлғайған нұсқасы. Маған Месси ұнайды, «Барселонаны» жан-тәніммен сүйемін. Қазақстандағы анау-мынау деген фанатқа дес бермеймін. Бірақ, «Шахтер» каталондық клубпен ойнаса, қарағандылықтарға жақтасамын. Осы пікірге көптеген жанкүйерлер қосылады деп ойлаймын. Бұл жердегі мәселе мемлекеттік деңгейге шығып кеткен. Футболы жақсы дамыған елдерде бір-біріне қас клубтар болатыны белгілі. «Реал Мадрид» пен «Барселона», «Реал» мен «Атлетико»(Екеуі де мадридтік клуб), «Барселона» — «Эспаньол», (Каталондық клубтар), «Челси» — «Арсенал», «МС»-«МЮ»… Тізе берсең өте көп. Осы клубтардың жанкүйерлері әлемдік аренаға шыққанда, «жауларына» болысатыны белгілі. (Арасында Жәнібек секілділер табылатын шығар). Мен — жамбылдықпын. Жоғарғы лигада әулиеаталық жалғыз клуб бар. Сондықтан, мен «Таразға» жанкүйермін. Шынымды айтсам, мен «Тараздың» ойынын көп көрмеймін. Бірақ, жамбылдық клубтың жеңілмегенін қалаймын. Қазіргі кезде «Шахтер» Еуропа аренасына шықты. Қарт құрлықтың жасыл алаңы ыңырана қозғалып, қазақ даласына көз тастады. Олай болса, мен неліктен «Шахтерді» қолдамауым керек? Иә, «Тараз» бен «Шахтер» кездессе, алғашқысына жанкүйер болатыным анық. Бірақ, бұл жердегі мәселе басқаша. «Шахтер» шетелдің клубымен кездесіп отыр. «Селтик» біз үшін ағайын болуы мүмкін, алайда «Шахтер» бізге ауылдас!
Авторы:
konvict

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту