Мен сені сүймеймін
Жаныма сыйлайсың жылу шын,
Сол жылу бірақ та жүк болар.
Сен неткен сұлусың, сұлусың,
Сен шығар әлемді құтқарар.
Сен, мейлі, ұнат не ұнатпа,
Мен өзге біреу деп күймеймін.
Мен саған тәнтімін, бірақ та,
Мен сені сүймеймін, сүймеймін.
Көзіме түскен бір елессің,
Мен саған тәнтімін себепсіз.
Сен маған сәйкес еш емессің,
Бірақ та басқалар керексіз.
Адуын алаулап айнала,
Сергелдең сезімнен күйреймін.
… Бәрі оның сұлу сөз жай ғана,
Мен сені сүймеймін, сүймеймін.
Өмірдің мәнін мен түсінем,
Жанармен бойға нұр бөлесең.
Құдай-ау, миллиард ішінен,
Кезіктің кенеттен неге сен?
Бағынып ғашықтық әмірге,
Айттым ғой! Басымды имеймін.
Қоя бер бос сөздің бәрін де,
Мен сені сүймеймін, сүймеймін.
Намыс қой, бойымды тіктеймін,
Мен қазір сезімге сенбеймін.
Мен сенен еш үміт күтпеймін,
Мен саған еш үміт бермеймін.
Санамды бекерге жаулама,
Мен ғана өзімді билеймін!
Бұл жалғыз билігім, даулама,
Мен сені сүймеймін, сүймеймін.
Жанарды мұқалтпа, от бейне!
Сен қайда жоғалдың, тұра тұр!
Осы да басыма жетпей ме —
Сезімді суыттым сұрапыл.
Болмаймын мен саған өлермен
Жүрекке буылтық түймеймін.
Жетеді болсам да көрермен,
Мен сені сүймеймін, сүймеймін.
Кім айтты келді деп жарасқым?
Бек мүмкін еш бақыт бұйырмау.
Мен, сөзсіз, ойымнан адастым, — *
Сезімнен адасқан қиындау.
Жолама, керексіз көмегің — *
Жүгімді жалғыз мен сүйреймін.
Біл мұны, білме тек себебін — *
Мен сені сүймеймін, сүймеймін.
Бақытты мен іздеп келем бе?
Сен маған кезіктің, әттеген!
Бұл сор деп аталса егер де,
Керексіз дүние бақ деген.
… Бәлкім, сен бақыты шығарсың
Өзгенің,
Мен онда тимеймін.
Қарғарсың, кешерсің, ұғарсың — *
Мен сені сүймеймін, сүймеймін.
Сезімнің өрті — дос, мұңы — жау,
Ерік жоқ елемей кетуге.
Арада — түбі жоқ шыңырау,
Қанат жоқ калықтап өтуге.
Қалғанын жауламай ақылдың,
Санамды өзіме қи деймін!
Мен мұны неге айтып жатырмын???
Мен сені сүймеймін, сүймеймін.
Сен де мен секілді аңғалсың,
Сен де бәз біреуге үмітсің.
Сен де мен секілді арманшыл,
Сен де мен секілді тұнықсың.
Сен де мен секілді толғана
дейсің бе:
Дүние, күй, мейлің!
Біз неткен ұқсаспыз…
Сонда да
Мен сені сүймеймін, сүймеймін.
Күн сайын көрмеймін мен сені,
Оның да қажеті шамалы.
Таң сайын көтертіп еңсені,
Түн сайын жаулайсың сананы.
Мейлің сол, жүректі құлыпта,
Ал мен өз дертіме иемін.
Сен тек бір нәрсені ұмытпа
Мен сені… сүйемін, сүйемін.
