Бақытымды таптым мен
Өмір тосын сыйға толы. Күніне қаншама адаммен кездесіп, қаншама адаммен қоштасып жатамыз. Екінші рет көруім мүмкін емес деп ойлаған адаммен екінші, үшінші рет жолығып қалып, уақыт өте келе өмірлік серігіңе айналып кетуі де ғажап емес. Бұрын мен үшін бейтаныс адам бұл күндері мен жақсы көретін, сыйлайтын, құрметтейтін жарыма айналды.
Өз басым оны тағдырлы адам деп санаймын. Сүрінген сәтте қайта тұра білгені үшін, жаситын сәтте жігерлене білгені үшін оны құрметтеймін. Үнемі күлімсіреп жүреді. Мен өзімді сабырлымын деп ойлайтынмын, бірақ оның сабырлығына қарап менің сабырлығым ештеңе еместей болып көрінеді.
Мен үшін оның жанында болу – бақыт. Күнді бірге батыру – бақыт. Таңды бірге атыру – бақыт. Оған еркелеген – бақыт. Онымен ой бөліскен – бақыт. Алдағы өмірімде қуаныш болса бірге бөлісіп, сынақ болса бірге күресіп, бірге жеңу де бақыт.
Мен оның айтқысы келелетінін айтқызбай-ақ ұғуға тырысамын, ол да мені үнсіз түсінеді. Танысқан күннен бері бір-бірімізбен «Сіз» деп сөйлесіп, уақыт өте келе ол мені «ханымым», ал мен оны «Есболым» деп атап кеттім. Бойымызда кейбір ұқсастықтар болғанмен, екеуміз де әр түрліміз. Менде таңнан кешке дейін қосулы тұратын ғаламторда ол бір сағат отыра алмайды. Мен үшін жер бетіндегі барлық адам жақсы болып көрінеді, ал ол үшін жақсы адамдар жоқ, тек жақсы болуға ұмтылушы адамдар бар.
Қалаға жол жүрерде анасының басына барып, құран бағыштадық. Ол үшін әлемдегі ең жақсы, өлді деуге қимайтын анасының тірі кезіндегі ақ тілегі орындалып, отбасымызға бақ-береке, ырыс-ынтымақ орнасын деп тілеймін!..
