Екінші рет тыңдай алмайтын әндер тізімі
Қазіргі қазақ эстрадасында жүрген кейбір жас әншілердің орындап жүрген әндері Сіздің көңіліңізден шыға ма? Жеке өз басым төрімізде тұратын теледидар мен радиода жиі айтылып жататын кейбір қазақша әндерді тыңдай алмаймын, тіпті басын естіп, аяғына дейін тыңдауға жүйкем жұқарып кетеді. Осы орайда «Не себепті?» деген сұрақ туындайтын шығар. Түсіндіріп көрейін…
Біріншіден, басқа тақырып құрып қалғандай, махаббаттан басқа тақырыптағы әнді сирек естиміз. Басқа тақырыпта ән айтқанның өзінде әуені ойдан шықса, сөзі көңілден шықпай жатады. Екіншіден, сөздері мұңлы әнді тым ырғақты, көңілді әуенмен айтады. Үшіншіден, ән мәтініндегі сөздер құр ұйқасқа құрылған. Сөзіміз дәйекті болуы үшін, бірнеше мысал келтіре кетелік:
Көзден кетсе де, көңілден кетпеген әнші Мәдина Ералиеваның орындауындағы өмір, тағдыр туралы тақырыпта жазылған «Ризамын» (әні Қ.Намаз, сөзі М.Мақатаев) атты әнді тыңдай бергің келеді. Себебі, бұл әнде қанағат, шүкіршілік, үміт бар.
Тағы да көрдім, тағы да көрем таң нұрын,
Аязын қыстың, аяулы жаздың жаңбырын.
Алтынға мейлі, толмай-ақ қойсын сандығым,
Ризамын саған, ризамын саған, тағдырым.
Өшпестей етіп өмірдің жазған бұл заңын,
Түсінбей кейде, тосырқап менің жүр жаным.
Кеудемде мына өзің сыйлаған бір жалын,
Лапылдап жатыр, тағдырым, саған ризамын!
Ал дәл осы тақырыптағы «Mysterions » тобы айтатын "Өмір" әнінің сөзіне назар салып көріңіз. Әуені шет елдік әннен ұрланғандығымен қоса, сөздері сын көтермейді. Қазақша әріптердің де қадірін кетіріп, қалай-болса солай айтылған.
Өмір — сынақ, өмірім майдансың,
Жүрем сенен жеңіс тілеп.
Жеңілсеңіз, жылама күйініп,
Тағдырда жоқ жүрек.
Өмір түстей, арасы жылы суық,
…. (Қандай сөз айтылғанын бірнеше рет тыңдап түсіне алмадым).
Бала күндердей бақытты күн қайда,
Есіңе алсаң, есік ашық.
Жалпы, қай тақырыпта айтылған ән болса да үміттен гөрі өкініш, қуаныштан гөрі қайғысы басым әндер көбейіп барады.
Туған жер, ауыл тақырыбына жазылған мына бір әнді ата-анамыз да, біз де сүйсініп тыңдаймыз. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз де сүйсініп тыңдаса, таң қалмаймын. Себебі, Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы «Ауылым» әнінің әуені мен сөзі үндесуімен қатар, сыр тұнған сөздері де адамды еліктіріп, қалада туған адамның өзіне ауылды аңсатып қоятындай…
Жайлап отыр менің ауылым,
Алатаудың сол бір бауырын.
Туып өстім сенде есейдім,
Алаулатып жастық жалынын.
Жайлауы жасыл,
Жайқалып жатыр,
Әйгілі Алатауымның.
Гүліңдей жайнап,
Асыр сап ойнап,
Еркелеп өскен ауылым.
Ал енді Бүркіт пен Аишаның орындауындағы «Туған жер» әнінің сөздеріне көз жүгіртіп көріңіз:
Кеудем толы жырым – ағын,
Жалындаймын, жанығамын,
Мен өзіңе асығамын.
Алыстама жасыл бағым,
Сағынғанда қасыңдамын,
Әсем ауылым.
Өшпес оттай ыстық сезім,
Сағыныштан сынып төзім,
Буланды көзім.
Бұл шумақтағы кейбір сөздерді құлағым шалыс естіді ме, әлде дұрыс естісем де түсінуге санам жетпеді ме — білмеймін. Екінші тармақтағы «жанығамын» деген сөз қандай мағына береді? «Сағыныштан сынып төзім» деген жолға қарап «төзім таусылуы мүмкін, бірақ сына ма?» деген сұрақ туындайды. Бұған қоса «Буланды көзім» деген сөзге назар аударыңыз. Ұйқас қудым екен деп, қандай болса сондай сөзді қолданудың қажеті не? Бұл әннің екінші шумағында «Шашыңмен ойнап дауылың» деген тармағы бар. Шашпен ойнаса самал жел ойнайтын шығар, ал дауыл…
Махаббат — мәңгілік тақырып. Алайда, махаббат туралы әдемі әуенге арзан сөздерді араластыру — әннің ғана емес, әншінің де беделін түсіреді деп ойлаймын. Мысал ретінде Мақпал Жүнісованың орындауындағы "Ғашық жүрек" (әні Е.Болғозиев, сөзі Т.Молдағалиев) әнін тыңдап көріңіз. Әнді толық тыңдасаңыз, жауапсыз сезім туралы. Бірақ әнде «Сен маған қарамадың», «Саған деген сезімімді білмейсің», «Біз неге қосыла алмай қалдық?» деген жолдар кездеспейді. Әдемі сезімді астарлы сөздермен жеткізеді:
Алқынғандай, талпынғандай боласың,
Шарқ ұрғандай бүкіл қазақ даласын.
Көкірегіме сыймай кетіп барасың
Ғашық жүрек, қайда барып соғасың?
Енді Динара Қырықбаеваның бейнебаян түсірілген «Саған, жаным, асықтым» деген әнінің сөзіне үңіліп көріңіз:
Неге маған, неге, жаным, маған кездестің?
Арасында жүрмін жалғыз ұшып елестің.
Сен біреуді ұнатарсың, білмеймін, бірақ,
Мендей жақсы көре алмайды енді сені ешкім.
Саған жаным асықтым,
Саған жаным ғашықпын.
Кеудемдегі бір тамшы,
Сағынышты тасыттым.
Бұл да жауапсыз сезім туралы ән. Бірақ сөздері «асықтым, тасыттым, ғашықпын» деген арзан ұйқастарға құрылған. Ән ғашығына қолы жете алмай жүрген емес, өмір жолы бір арнаға тоғысқан адамдардай ырғақты, көңілді болып айтылады.
Осындай тамаша тақырыпта жазылған талғамсыз ән мәтіндерін назарларыңызға ұсынбақпыз:
«Перцы» тобының орындауындағы ән:
Арманым, мен сен жайлы сырласамын,
Баяғы ғайып болды жылдар сағым.
Сен деп салған әнім менің, арман айым.
Менің жаным, менің жаным,
Сен едің менің асыл әнім.
Сүйгенімді несін жасырамын,
Сүйгенімді несін жасырамын?
Менің жаным, оу, менің жаным.
«Домино» тобы. «Айым-ай».
Келші жаныма, келші жаныма,
Махаббатым-ау, махаббатым.
Оралшы маған, оралшы маған,
Бақыт құсым-ай, бұлақ әнім ай.
Арманым менің, арманым менің,
Аңсадым сені, аңсадым сені,
Гүлдей құлпырғай, көктен жарасқан,
Жұлдыздар сені күнге таласқан.
Айым-ай, асыл бағым-ай,
Айым-ай, айым-ай.
«Mysterions» тобы. «Асыл әнім».
Асыл әнім, сағынышым ей ларылей,
Өзіңмен бірге армандарға жетелей.
Асыл әнім, сағынышым, ей ларылей,
Ұмытып бәрін билеп, биле көңілді-ей.
Мақпал Исабекова «Асыл арман» (2013)
Арманым асық арман екен,
Арайлап атқан таңдарым екен.
Жанарың жарқын маржан екен,
Аңсаған өзің жан жарым екен.
«Tequila» тобы. «Сен» (2012)
Қоя ғой нарым,
Бара ғой барым,
Қала мен даламда,
Жазира ғаламда,
Жоқ жетер адамға, жаным.
Ардағым да менің, мадағым да менің жаным сен,
Арманым да менің, азабым да менің жаным сен.
«Де-нар» тобы. "Қара көйлек" (2013)
Көйлегім қара болса да,
Өзегім қағаздай аппақ.
Маған ғашық болған қыздар,
Ешқашан болмайды қап-қара.
Ал мендей жақсы жігітті,
Ұнатпаған қызға айтамын:
«Сүймесең, проблема қанша,
Қош бол, бақытты бол, жаным!»
«Ayumi» тобы. «Cен» (2013)
Сені ғана іздеймін,
Армандап көз ілмеймін,
Аңсап сені ойлаймын,
Жаным менің.
Сен – арманымсың,
Сен ардағымсың
Сен айдарымсың,
Жалғызымсың сен.
"Қанша адам болса, сонша пікір бар". Менің ойым бойынша, он ән жазып, бірі де ел есінде қалмағаннан гөрі, он жылда бір ән жаздырсаң да, ел есінде қалатындай, ыңылдап айтып жүретіндей етіп жаздыру керек. Жақсы әнші жақсы әнді жанға жағымды дауысымен жұртқа бейнебаянсыз-ақ танымал ете алады, ал тырнақша ішіндегі әншілер жақсы әннің өзін қор қылмаса, зор қылмайды…
