Ескі архив · 28.10.2013 23:32

Түсінгім келмейді немесе жоқтан жүйрік жоқ

Соңғы кездері «бензин қымбаттады!», «адам арзандады!», "қылмыс деңгейі сол қалпы жоғары" деген негативті реңкі бар мақалалар тым көбейіп кетті. Бірақ бір сәт ойланайықшы, жағдай сонша жаман ба? Тығырықтан шығатын жол шынымен жоқ па? "Үй қымбаттады". Ол қашан арзан болып еді? Бір адам аз-мұз ойланып тұрып айтыңдаршы: үй қашан арзан болып еді? Өзіңізді неге сатушының орнына қойып көрмейсіз? Ананы қара, әлі жоқ үйіңді ойша да арзанға беретін түрің жоқ! Ендеше, үй бағасы — сенің ниетіңнің айнадан шағылысқан сәулесі ғана. Басқа түк те емес. «Медициналық қызмет сапасы төмен». Ол қашан жоғары болып еді? Сау тісті совет заманында да жұлған, айырмашылығы — тегін еді. Ал қазір шүкір: кез келген ауыл фельдшері заманауи Googleмен, Яндекспен, Mail.Ruмен жарақталған. Болмашы қызғынға бола, Алматыға ат арытпайсыз:Іздеу жүйесі ауру туралы сұраққа әп-сәтте жауап бермейді де, көз жұмасыз. «Емін анализдерден кейін ғана айтуа болад...» деген Алматылық профессорды күтіп жүріп, жырақта өлгенше, ауыл-аймақта қайтыс болғанға не жетсін: міне зират, міне үй! «Жолақы қымбаттады!». Кәнеки, жолақының қымбаттау хронологиясын бірге қарайықшы, дос! Сүйтсек, жыл сайын жолақы қымбаттайды — сен жылайсың да, автобусқа отырасың. Қымбаттайды — сен күңіреніп аласың да, автобусқа отырасың! Бір жерде де автобусқа аяқты бір сілтеп, қара жаяу кете берген жерің жоқ! Бір жерде де! Ендеше, несіне жылайтыныңды түсінбедім, дос? Қарап тұрсақ, қоғамдағы оқиғалар — сенің сығалау бұрышыңа қарай жақсы да, жаман да болып көріне беретін нәрселер. Сөз аяғында, әңгімемді «Matrix-2» көркем фильмінің кейіпкерінің сөзімен аяқтағым келеді: «Раз уж түбінде өледі екенбіз, так продадим же свою жизнь дороже!».
Авторы:
satibaldi

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту