Ескі архив · 28.11.2013 19:08

Банкомат ақша бермей қойса...

«Егер қыз болса, шашын бір талдап жұламын. Жігіт болса, тұмсығынан бір перемін» дедім ішімнен. «Халық банкіндемін». Кезек келіп болмайды. 203-тің алдында екі адам ғана бар деген, жарты сағат болды әлі күтіп тұрмын… *** Америкадан келсем, банк карточкаларымды жарамсыз қылып тастапты. Карточкамда Алматыда бір ай күн көруге жарайтын ақшам бар еді. Өз ақшамды алу үшін банкке бардым. «Карточканы іске қосу үшін ақша төлейсіз, екі апта күтесіз» дейді (бұл арада банк қызметкерінің маған қазақша жауап бермей, біраз қырылысқанымды, банк охранигінің есіктің аузында кезек күтіп тұрған маған зілді дауысымен әрі тұр дегені, сарылып күткен кезектер хикаясын өткізіп жіберейін). Мақұл. Төледім. Күттім. Мерзімді күні барсам, карточка дайын емес. «Жұмыс орныңыздан справка керек» дейді. Мақұл. Справкасын апарып бердік. Екі аптадан соң, карточкамды алдым. Бұл уақытта жұмысымнан екі айдың ақшасы түсуі керек болатын. Банкоматқа бардым. Әдеттегідей қазақ тілін таңдадым. Банкомат «Күте тұрыңыз… Ақшаңызды 20 секундта алып үлгеріңіз» деді. Бұл жазудың жанып тұрғанына 20 секундтан асып кетті. Ақшамды тез алып үлгерейін деп қолымды дайындап мен тұрмын. Бір сәтте банкомат: «Сау болыңыз!» деді де бастапқы бетін шығарды. Ақша жоқ. Карточка қолда. Қанша ай бойғы өз ақшамды алу үшін дедектеп жүгірген кездерім, маңдай термен тапқан ақшамды алу үшін маған дөрекілік танытқан қызметкердің банкіне 1%-імді қалдыратынымды ойладым. Қысқасы әділетсіздік!!! Call центрге звондадым. Шіңілдек дауысты қыз "Қызмет сапасын жақсарту мақсатында әңгімеңіз жазылады" деді. Мақұл. Тұтқаның арғы жағындағы қызға «осылай да, осылай ақшамды банкомат бердім деген жазу шықты, бірақ ақшаны қолыма ұстатқан жоқ» деп тәптіштедім. Ішімнен «банкоматтың маған ақша бермегенін соткама түсіріп алмағаным-ай, бұл пәтшағарларға енді қалай дәлелдеймін» деп уайымдап тұрмын. Алматы өмірі мекемелерге сенбеуді әлдеқашан үйретіп қойған. Жалпы, Алматыда адамдардың бір-біріне сенуі сирек кездесетін сияқты. Содан тұтқаның ар жағындағы қыз есепшотымнан ақша алынған деді. «Бірақ қолыңызға ақша түспесе, кез-келген банк бөлімшесіне барып, заявление жазасыз» деді. Кешкі сағат жеті еді. Алматыда 24 сағат бойы істейтін бір бөлімшесі бар деп естігенмін. Бірақ таксиге кететін шығынды ойлап, кейінге қалдырдым. Банкоматтың нөмірін жазып алып қалдым. Бүгін. Банкке келдім. Ішім толы у мен кек ыза. Банк ішінде кезек қағазын беретін машинада «банкомат ақша бердім деп бірақ ақша бермесе» деген арнайы түйме жоқ. Ал енді қайсысын басамын? Сол жерде бастық бола алмай жүрген бір қызға күллі хикаямды баяндадым. Содан орысша бір қағазды бірге отырып толтырдық. Сосын тағы да кезек күттік. Қолымда 203-нөмірлі талон. «Егер қыз болса, шашын бір талдап жұламын. Жігіт болса, тұмсығынан бір перемін» дедім ішімнен. Кезек келіп болмайды. 203-тің алдында екі адам ғана бар деген, жарты саған болды әлі күтіп тұрмын… Жарты сағатта кезегім келді. Жігіт екен. «Ассалаумағалейкум?!» деді. «Уағалейкумассалам» дедім. Бірден сабама түстім. Құжаттарды қолына ұстатып, бұл жігітке ішімдегі запыранды қалай ақтарамын деп ойладым. «Бұл байғұстың кінәсі жоқ екені түсінікті. Бірақ маңдай термен тапқан ақшаны банк бермей жатса, бұл да әділетсіздік!». Содан әлгі бауырымыз ақшаны 15 күн (!) ішінде карточкама қайтадан құямыз деді. Айттым. «Бұл сіздің кінәңіз емес екенін түсінемін. Бірақ бұлай істеуге болмайды. Адамдар бір ай бойы маңдай термен жұмыс істейді. Бір ай бойы осы ақшаны күтеді. Енді сіздер тағы екі апта күттіресіздер. Бұған нақты сіз кінәлі емес екеніңізді білемін. Бірақ алдағы уақытта банкоматта ақша жоқ екенін қайдан білейін? Басқа адамның басында да осы жағдай қайталанбас үшін не істеуіміз керек? Бұл сіздің кінәңіз емес екенін түсінемін, сонда да қай басшыңа хабарласайын?» дедім. Жігіт маған тура қарай алмайды. Төмен қарап отыр. Иманы бар екен. Өзімнің де бетімнен отып шығып отыр. Намазхандарға банктерде жұмыс істеу онсыз да оңай еместігін ойладым. «Техникаға сенім жоқ қой, аға. Кассадан алғаныңыз дұрыс болар» деп ақтарылды. Не деймін?.. Ассалаумағалейкумның болғаны жақсы болды. Егер банкомат ақшаңызды бердім деп, бермей қойса: 1. Карточканың артындағы call центрге хабарласыңыз. 2. Банкоматтың нөмірін жазып алыңыз. Қанша сумма ала алмағаныңызды айтыңыз. 3. Банк бөлімшесіне барып, өтініш толтырасыз. Банк қызметкерлеріне бұл оның кінәсі емес екендігін, алайда банкоматтарының қызметінің сапасын жетілдіру керектігін естеріне саласыз. 4. Ақшаңызды қайыра алу үшін екі аптадай сабыр сақтайсыз! пысы. Сіздің де басыңыздың осындай жағдай өтсе, айта отырыңыз. Алматыда жағдай осылай болса, басқа қалада қалай екен деп ойлап қоямын. Сурет СС рұқсат негізінде catatronic фотомұрағатынан алынды
Авторы:
urimtal

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту