Ескі архив · 19.03.2014 11:29

Мұхтар ШЕРІМ. ЫРЫМ-ЖЫРЫМДАР...

--Қыздарға мың үйден тиым… Өйткені, қазіргі қыздардың аяқтары емес, ауыздары жүреді… --Келіншектердің талтайып тұруына болмайды… Жабыстырып киген шалбар-ла¬ры айырылып кетеді. --Әйел қойдың басын мүжімейді, мүжісе күйеуінің басын мүжіп кетеді… --Өз құдығыңа түкірме, көршің де түкіріп кетеді… --Банкті айналып жүгірме… Бәрібір несиеңді кешірмейді. --Алқаштарға қолыңды шошайтпа… Ақша сұрайды. --Парақор әкімнің қолын алма, «парақорлық вирусы» жұғып кетеді… --Саясатқа барма, саясат сайқал, жүргіш. Көңілшек қыздар сияқты бұзылып ке¬те¬сің. --Өз желкеңді өзің тістеме… Аузың созылып кетеді… --Халықтың нанын тартып жеме, оқ атпа, Украйнаның сұм президенті сияқты қашып жүресің, аяғыңды әр жерден басып жүресің… --Қазақстанның керегесін керме, табалдырығына тышпа… Геморой боласың. --Шпион көрсең, шәй берме… Шекараңды тіліп кетеді. --Екіқабат әйелге теңге ұстатпайды. Ұстатса, теңге құнсызданып кетеді… --Билікте жүріп ысқырма… Ресейге елші болып кетесің… --Түнгі көбелек қыздарды құшақтама, оларды айналып жүгірме… Шайтан ұрады. --Бастығыңның бетіне үрлеме, тырнағын тістеме… Кісілік жұғады. --Жұрт алдында мұрныңды тазалама, ышқырыңды қасыма, аспанға түкірме, тіліңді сумаңдатып, шығара берме… Жындыханада жатқаныңды біліп қояды. --Қыздар, жігіттерге сұқ саусағыңды шошайтпа, күйеуге тимей қаласың… --Түнде « Водаканалға» барма...(суға) Баға қымбаттап кетеді. --Қымбатшылыққа басыңды шайқама, таңдайыңды тақылдатпа, жындыбас боласың. --Депутаттарға күлме, тіл тигізбе… Өз басыңа келеді… --Билік желіне қарсы түкірме, билік дауылына қарсы дәрет сындырма… Өзіңе шашырайды. --Жексұрын бастығыңның қасында жел шығарма… Бірге иістенесің… --Қазақ тіліне ерніңді шығарма, боқтама. Ернің жырық болады. --Табаныңды қасыма, жемқор болып, шетелге қашып кетесің. --Министрдің қойдың миын жеуге болмайды. Мисыз, миғұла министр болып кетеді… --Таяққа сүйенбе, күйеуіңе сүйен. Күйеуің сонда тоқал алмайды. --Әйеліңді ұрма, қолың сал болып қалады… --Ұйықтап жатқан енеңді аттап өтпе. Енеңе қарай жүгірме. Тентексің бе не? --Әйелдер мерекесі қарсаңында ақша санама… Кедей боласың. --Қазақ қыздарының алдын негр кесіп өтсе, жолы болмайды. Оған тигенмен, бақытсыз боласың. --Бензин колонкасына қарап тырқылдап күлме, мұнайлы ел болсаң да бензин қымбаттап кетеді. --Депутат болсаң, жағыңды таянып отырма, тістерің түсіп қалады. Мен шығарған ырымдар мен жырымдар осындай. Сіз өзі ырымға сенесіз бе, әлде халыққа өтірік есеп беретін әкімге сенесіз бе?
Авторы:
Satira

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту