Ескі архив · 25.03.2014 10:27

«БлогКемп-2014». Көзілдірік арқылы көзқарас.

Найманмын. Тегін жазуға қан жібермейді. Сосын осы жерге жоламай кеткенмін, бірақ Қарағандыда өткен блогкемптен соң сауап болсын қолыма клава алып отырмын. Бұрындары еш блогкемпке қатыспағанмын. Менсінбеген соң емес. Ыңғайы келмеді. Блогерлермен таныс-біліс болып, кейбіреулерінің дене бітімін киімсіз көріп жүрсем де құрылтайдың Жаңа жылға сәйкес келуі бөгет бола берді. Биыл сәтін салып көзілдірігімнің көмегімен көріп қайттым. Бұл әркімді құшақтап түскен суретін салатын фотореп емес, нақты ұсыныстар. Талай отырып ой қосыңдар. Бірінші рет барып тұрған соң блогкемп деген не деген сұраққа жауап іздедім. Гугл әжей тауып берген ақпараттарға сенсем «Блогкемп- блогерлердің бейресми кездесіп, тәжірибе алмасуы» дейді. Яғни, сақа блогерлер жиналады, кездесулерін жуады, жастарды ара-арасында пивіге жұмсап қойып өздерінің жеке тәжірибесімен бөліседі. Сайт жасау, СММ, демеуші табу емес, кәдімгі блог жүргізу, жазу стилі, троллинг сияқты өмірде қажетсіз, бірақ жеке амбицияны қанағаттандыратын нәрселерімен бөліседі. Төрде Мұрат Әбенов пен облыс әкімі, Бекболат Тілеухандар отырмайды. Жалпы төр деген түсінік болмайды екен. Және де көргендер өз пікірлерінде «Блогерлер қарапайым (боғауыз араластырып деп түсініңдер) тілмен «шәйнектердің» көзін ашады» деп жазады. Осы түсініктегі блогкемп маған ұнады. Әйтпесе кеше сүзгіден өтіп 100 адамның қатарына іліккеніне қуанып, бүгін облыстық газеттер сұқбатына зәру болып отырған жастар нақты блог жүргізу туралы бірдеңе алып қайтты деп айту қиын. Дәлірек айтқанда олар ештеңе алып қайтқан жоқ. Ол ІТ саласы бойынша, сайттты құрудан бастап одан ақша табуға дейін бірсыпыра ақпарат алған болар, бірақ адами блог жүргізу үшін өзіңнің жеке сайтың болуы керек деп түйіп қайтқанына кепілдік беремін. Әрине, жалпы ҚазНетті дамыту үшін олар айтылуы керек, ол үшін АИФ, Шымкенттегі техфорум сияқты шараларды ұйымдастыру қажет. Бұл айтылған ойлардың Қарағандыда өткен құрылтай ұйымдастырушыларының еңбегін жоққа шығару деген сөз емес. Мін жоқ, барлығы әдемі. Бірақ құрылтай дегеннен көрі форум дегенге түсінікке дәлірек келеді. Өзіміз әлі блогкемп деген не екенін және оның кәйпін түсінбей жүрген сияқтымыз… Айтпақшы, бейресми болса демеуші қайдан деген сұраққа. Менің түсінігімдегі блогкемп демалыс сияқты болуы керек. Яғни мүдделес бірнеше адам (саны шектеусіз) бейресми келісім арқылы бір демалыс үйіне жиналады. Ешқандай ұйымдастырушы болмайды. Мысалы Бурабай деп алайық. Онда барғысы келген блогер қонақ үйде жатады ма, әлде жеке пәтер жалдайды ма өз шаруасы. Ортадан 4-5 мың теңгеден жинап зал алуға болады. Асхана, мейрамхана да бола береді. Онда тамада, жүргізуші болмайды. Әркім өз қуысында өз тілектестерімен, таныстарымен, тыңдарманымен араласып, дәріс айтып/тыңдап отыра береді. Бір танымал сақа блогерді ортаға қолқа салып шығарып, барлығы тыңдаса да болады. Сұрақ қоюға болады. Тақырып та шексіз. Сонда ғаламтор бетінде бірдеңе сұрасам троллингке ұшырап қаамын ба деп қорқатын «шәйнектер» өзіне қажетті барлық ақпаратты алып қайтады. Соңы. Титр. Сурет мына жерден алынды
Авторы:
kozildirik

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту