Ескі архив · 30.05.2014 23:20

Айырмашылық

Елестетіңізші. Партада сегіз-тоғыз шамасындағы екі бала қатар отыр. Бойлары бірдей, киімдері де ұқсас, тек бірі — қараторы, бірі — сары демесеңіз егіздер сияқты. Шынында, екеуінің бір-біріне түк қатысы жоқ. Бірі — жетім, екіншісі -тастанды. Не айырмашылығы бар дерсіз. Мемлекет үшін айырмашылық жер мен көктей. Жетім деген әке-шешесі өлген бала. Тастандының де-факто ата-анасы жоқ, де-юро өлгені дәлелденбеген. Дәлелдеу мүмкін де емес. Осы жерде соқыр Фемиданың әділетсіз әділдігі анық көрінеді. Жетім балаға ай сайын 10 АЕК көлемінде жәрдемақы бөлінеді. Қазіргі есеппен бұл 18 520 теңге. Бала 18 толғанша бұл қаржы арнайы есепшотта жиналады. Ал тастандылар бұдан қағылған. Өйткені, оның әке-шешесі бір жерде тірі жүруі мүмкін. Әділетсіздікті қараңыз. Жетімнің әке-шешесі қайтыс болса да, бір жерде туған-туысқаны, жекжат-жұрағаты болуы мүмкін. Ең болмаса, біреулердің той-садақасына қатыса алады. Ал тегін білмейтін тастанды бала жақын-жуықтан мүлдем ада. Құрығанда руласым дейтін де ешкімді білмейді. Қазақстанның жетімдер үйлерінде барлығы отыз төрт мыңнан астам бала бар екен. Оның сексен пайызы тастандылар. Тастанды бала туған бойда жетімдер үйіне түседі. Демек оған ай сайын жәрдемақы төленетін болса, кәмелеттік жасқа толғанша бүгінгі есеппен 4 млн теңге жиналып қалар еді. Байлық деп атауға келмесе де капитал ғой. Тастандылар жәрдемақыға қол жеткізу үшін сотқа жүгіне алады. Бірақ мұның нәтижесі қандай болатынын өзіңіз шамалап та отырған шығарсыз. Әлгі төрт млн төгілген тер мен жұқарған жүйкенің төлеуіне жетпей де қалады. Қайтпек керек? Бұл проблеманы 2010 жылы көтергем. Мәжіліс депутаттарының хабары жоқ болып шықты. Содан бергі төрт жылда да көпті қызықтырып отырғаны шамалы. Мысалға, Астанадағы жетімдер үйіне қоңырау соғып, сұрағымды қойып едім, хатшы директордың орынбасарына, директордың орынбасары әлеуметтік педагогқа сілтеді. Ал әлеуметтік педагогты ақыры орнынан ұстай алмадым. Ал керегі: «Неке және отбасы туралы» Заңға өзгеріс енгізіп, жетім мен тастандының құқықтарын теңестіру. Әлгі партада отырған екі бала әшейін қиял емес. Көзіммен көргенім. Мұрындары терлеп, есеп шығарып отырған екеу бірер сағаттан соң асханаға барып, бірдей ыдыстан бірдей тамақ ішеді. Жатар уақыт келгенде бірдей төсекке барып, бірге ұйықтайды. Айырмашылығы: біреуі — жетім, біреуі — тастанды.
Авторы:
Marco

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту