Ескі архив · 13.06.2014 01:51

Блогиада #10. Мен жек көремін қазақтың эстрадасын

Елестетіңіз: қарапайым қазақ әні — тойда көп айтылатын, көпшілік телефонына рингтон қылып қойып алған, халықтың ыңылдап айтып жүретін «классикалық» хиті (тіпті бұл жерде «трендке сай», «сәнді ән» деп айтудың өзі ұяттау екен). Бірақ бұны мен қабылдай алмаймын, тіпті бар болмысыммен жек көріп кетемін. Ескерту: Әңгіме ұлттық аспаптарымен орындалатын халық әндері, дәстүрлік, авторлық әндер туралы емес, заманауи эстрада туындылары туралы. Себепті әріден іздеп көрдім. Мен өскен ауыл дәл Ресеймен шекаралас жерде. Сондықтан да соңғы жылдарға дейін біз тек қана Ресей телеарналарын көріп өстік, орысша хиттарды тыңдадық. Соның ықпалы ма деп те ойлаймын кейде. Бірақ ол заман өтіп кеткелі қашан! Қазір Алматыда тұрамын, қазақ мәдениетінің астанасы демекші… Бәрібір жек көремін қазақ әндерін! Тіпті бар ғой, ауық-ауық қазақша әндер жіберіп қалатын коммерциялық радиоларды жек көре бастадым. Талғамсыздықтары үшін! Елестетіңіз: көлікпен келе жатасыз әсем энерджи музыкаға елітіп. Бір әдемі әннің керемет атмосферасын екінші әдемі ән жалғап алып кетеді. Үшіншісі де логикалық байланысты үзбей әдемі болуы тиіс еді. Жоқ! Үшіншісі — ешбір жанрға жатпайтын қазақша ән! Сол үшін де магнитоламды жерге алып ұрдым! Сосын басқа себеп-сылтау іздеуге кірістім. Соңғы уақытта шыққан бірнеше әнді тыңдағаннан кейін, бұндай негатив көзқарасыма жауап таба бастағандай болдым. Түрлі уақытта және түрлі деңгейде қалыптасқан пікірлерім мен тұжырымдарымды жинақтай келе, қазақ әндерінде менің жүйкеме тиетінін нәрселерді анықтадым: 1. Той стайл Қазақ әншілері негізгі табысын той арқылы тауып жүргендері белгілі нәрсе ғой. Музыка индустриясында (егер осылай атауға болса) тоқсаныншы жылдардан бері аса үлкен өзгеріске ұшырамағаны да сондықтан сияқты. Сол баяғы жаттанды сөздер, сол баяғы таныс музыка иірімдері. Сонда да әндерінің сапасына ешқандай прогрессивті өзгеріс енгізгісі келмейтін той әншілері жыныма тиеді. 2. Шығыс үлгісіндегі музыка Бұны бірінші пунктке енгізіп жіберуге болар еді. Бірақ шығыс үлгісіндегі арзанқол әндердан шаршағаным сонша, наразылық сөздерімді бөлек арнағым келіп отыр. Шығыс стилі әншілер үшін хит жасаудың тамаша әдісіне айналып алған тәрізді. Көп ойланып, жаңа музыка «туудың» қажеті жоқ. Тек мәтіндегі әр тармақтың соңын жыламсыратып созып жіберсеңіз болғаны. Мысалы: Ал әннің сөзі тым қайғылы болып шықса — онда бітті, орындаушыға ең мықты әртіс атануға дайындалып, халқына еркелеудің түрлерін үйрене беруіне болады. 3. Ұзақ кіріспе Мен түсінбейтін тағы бір құбылыс бар: неліктен қазақ әншілері ән айтуға ұзақ кіріседі? Мына Ілияс Байбосынов деген әншінің дауысын 40 секунд күтуге тура келді. Өздеріңіз тыңдап көріңіздер (жоғарыдағы фотода ұзақ күткен түрім): Ұзақ басталатын әндер — қазақ эстрадасында тренд па деймін. Әй, жамандай беріп қайтемін, соңғы кезде бұл да азайып келе жатқан тәрізді дегенмен. Әлде мен қателесемін бе? 4. Музыка мен әннің үйлеспеушілігі Керемет көңілді әндер болады. Басталуы солай әйтеуір. Тұнып тұрған динамика! Билеп жіберейінші деп, орныңнан тұрып дайындала бастайсың. Сызылып сөзі басталғанда бәрі алдамшы екенін түсінесің. Болмысынан орташа темпті әнді клуб музыкасымен бастап жіберетінін қайтерсің. Балағаттады деп қабылдамассыздар, Талғат Жорабаев пен Бек Шәріп екеуі айтқан келесі әнге бір құлақ түрсеңіз: «Осындай да ән болады екен-ау» дейсің… 5. Көңілсіз әндер Қазақты кінәлағым келмейді. Көп нәрсені бастан өткізді, жаугершілікті де, зорлық-зомбылық пен ашаршылықты да көрді. Көп әннің мұңды болуы да сондықтан шығар. Бірақ қашанғы зарлауға болады? Сондайда қиялымда әншілермен ойша диалог құра бастаймын: — Неге көңілді әндер аз?, — деп сұрағың келеді әншілерден. — Неге жоқ? Бар! — деп олар жауап ретінде бірінші пунктке сілтер еді. Айтылған проблемаға қайтып ораламыз. Өмірімде, плейлистімде мүлдем қазақша әнге орын жоқ деп те айтпаймын. Бірақ үлесі өте аз. Бәріне күйе жағуды да мақсат етпеймін. Өз жанрын таңдап алып, сәтті-сәтсіз болса да тырысып жүрген орындаушылар баршылық қой. Бірақ олардың туындылары қалыптасқан ахуалды өзгертуге әлі де қауқырсыз секілді. Қазақ эстрадасы жақсы өзгерістерге толы төңкеріс күтеді.
Авторы:
patick

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту