Ескі архив · 04.07.2014 21:46

Қайран менің өз үйім

Кең сарайдай лашығында көсіліп жатқан Жиреншенің айтқан сөзі ХХІ ғасыр қазағы үшін де аса өзекті болатынын кім білген. Мүмкін, шешеннің іші сезген де шығар. Қалай десек те, Жиреншенің жағдайы қазіргі көп қазақтан артық болғанына дау жоқ. Оның боз үйі, ең бастысы, өз үйі бар еді. Біздің адамдар есеп беруге құмар. Әсіресе шенеуніктер. «Пәленбай мың пәтер пайдаланылуға берілді», «Пәленбай мың пәтер пайдаланылуға беріледі» деген қуанышты хабарды, ең құрығанда, жылына бір рет естіп тұрамыз. Шынымен де, құрылыс қарқыны ерекше. Әсіресе бас қаламызда бірінен соң бірі зәулім-зәулім үйлер бой көтеріп жатыр. Тұрғын үй салу көрсеткішінен Астана елімізде бірінші орында тұр. Бұл да ресми есеп. Елорда көшелерінде жүргізілген сауалнама қортындысы бойынша, тұрғындардың алпыс пайызы өзгенің пәтерін жалдап жүр. Бақытты қырық пайызды әзірге жайына қалдырып, құрқылтайдың ұясындай болса да өз қуысын аңсап жүргендерді әңгімеге арқау етелік. Үй алу үшін бір жалақы жеткіліксіз. Өйткені, Астана халқының орташа еңбекақысына әрі кеткенде орташа есепті пәтердің 0,3 шаршы метрін ғана сатып ала аласыз. Ал, бұған қоса отбасын асырау керек, байланыс, жол ақысы, демалыс секілді шығындарды да ұмытуға болмайды. Біреулер, ипотека құтқарады деген ойда. Алайда, біздің банктердің ұсынысы жұбатудың орнына жылата түседі. Шамамен 12 млн теңге тұратын пәтер құнының 20 пайызын жарна ретінде төлеп, 15 жылға несиеге алғанның өзінде ай сайын 121 мың теңге төлеу керек. Бұл, орташа жалақының 81 пайызы. Мәселен, орташа жалақысы мен орташа пәтер бағасының қатынасы Астанамен шамалас Лондон тұрғыны дәл осындай ипотека үшін айлық еңбекақысының 40 пайызын ғана жұмсайды. Жыл басында қала әкімі Астана астана болғалы 12 млн м2 тұрғын үй салынғанын мәлім етті. Егер мұны орта есеппен 60 м2-ден бөліп тастасақ, барлығы 200 000 отбасы пәтерлі болуы керек. Әр отбасыда кемі 4 адам бар десек, барлығы 800 000 адам шығады. Ал, Астана тұрғындарының саны әлі 900 мыңнан асқан жоқ. Демек, пәтерсіздер саны әрі кетсе 100 мыңның айналасында болуы тиіс. Жә, бұл енді Джордж Оруэллдің де ойына келмеген утопия болып кетті. Былтыр, салық комитеті басында 160 пәтері бар кісі туралы хабар таратқан еді. Масштабты елестетете алдыңыз ба? Менің фейсбуктағы бірде бір постым мұншама лайк жинап көрген жоқ. Құрылысшылар, одан қалды Өңірлік даму министрі пәтер құнын көтеру керек дейді. Бірақ, қазіргі бағаның өзі шынайы мөлшерінен әлдеқайда жоғары. Және қалыптасқан жағдайдың жуық арада өзгере қоятын түрі көрінбейді. Өйткені баспананың қымбат болуы, анау 160 пәтердің қожасы сияқтыларға тиімді. Әй, Жиренше-ай… А, айтпақшы, сіздің жайыңыз қалай?
Авторы:
Marco

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту