Ескі архив · 07.08.2014 14:40

"Алтын" ине

Алтын ине салу тәсілдерін өзара салыстыру. Елімізде тәуіпшілік пен сынықшылықтан басқа назар аударуға тұрарлық бейдәстүрлі қандай да бір ем түрі болса, ол — Шығыстың инемен емдеу тәсілі. Кейбір науқастарға дәстүрлі медицина алтын ине салдыруға арнайы нұсқау береді. Ал кейбір дәрігерлер оны өзіне қосымша кәсіп етіп алған. Су-Джок акупунктурасымен 20 жыл айналысқан анам — Айман Нақыпова мен дәстүрлі Шығыс медицинасымен 40 жыл айналысқан Иманғали Әбдіхалықов — тап сондай адамдар. Біз ине салу түрлерінің барлығын бір сөзбен «алтын ине» дегенімізбен, олардың түпкі фәлсапасы ұқсас болғанымен, ішінара көзбен көріп, денемен сезуге болатын айырмашылықтары жетерлік. Мысал ретінде, жоғарыдағы құрметті екі маманның көмегімен инемен емдеудің Су-Джок және Корпоральдық деп аталатын екі тәсілін бетпе-бет қойып салыстырдым. Алтын ине салу. Шығу тегі мен беделді өкілдері Корпоральдық ине шаншу (әрі қарай — «КИШ» деп айтайық) Қытайдан тарады. 1930 жж. жоғалып бара жатқан ине шаншу техникаларының қайта жаңғыруына септігін тигізіп, бүгінгі нүктелер картасын алғаш батыс әлемге таратқан педиатр Чен Дань’ань (Cheng Dan’an) болатын. Сонау тас дәуірінен бастау алған көше тәсілдерін жүйелеген оның басты енгізген жаңалығы — ортағасырлық жуан инелерді жіңішкертіп, ине шаншу нүктелерін қан тамырларынан барынша алшақтатуы болды. Ал Су-Джокты әлемге танытқан — Корея, дәлірегі, кореялық емші… жоқ, Хо Жун емес… Пак мырза. Дәстүрлі емшілік пен ғылымның заманауи жетістіктерін ұштастыру арқылы профессор Пак Чже У рефлексотерапияның дамуына елеулі үлес қосты. Өткен ғасырдың соңында ғана пайда болғанына қарамастан, оның тән сауықтыру жүйесі қарапайымдығы мен қисынының арқасында әлемге тез тарады. Басты айырмашылығы не? Алтын инені қай жеріңе салады? Нүктені қалай табады? Корпоральдық инелер дененің кез келген жеріне салынады. Кейде тіпті көзге де. Су-Джок ілімі бойынша, емші инені тек қол мен аяқтың басына ғана (мыс. алақан, табан, саусақ, бармақ) салады. Бүгінде көбісі «алтын» ине салушыға дәрігер қойған диагнозбен келеді. Ал диагнозсыз келсе, Иманғали аға, тамыр ұстап, аурудың себебін лүпілінен анықтай алатынын айтады. Оның үстіне өзі де — кәдімгі дипломы бар дәрігер, демек, диагностиканың дәстүрлі түрлерін де қолданады. Қытай халық еміне сәйкес адамның бойында 12 жұп мүше болады. Осы 12 арнаның бойымен өтетін 300-ге жуық емдік нүкте бар. Әр қайсысының орны бөлек. Сәйкес нүктелерге ине салып, әлгі арналарды ашса, адамның бойындағы тепе-теңдік қалпына келеді-міс. Емнің мақсаты да — сол. Су-Джок ілімінде (барынша қарапайым тілмен айтқанда) қолдың басы дененің кішігірім көшірмесі ретінде қарастырылады. Яғни, алақанымыз бен табанымыздағы, саусақтарымыз бен бармақтарымыздағы нүктелер дене мүшелеріміздің орналасуына белгілі бір деңгейде пропорционал келеді. Айталық, бас бармақтың екі фалангасы адамның басы мен мойнын бейнелейді, сұқ саусақ пен шынашақ — оң және сол қолымыздың шағын бейнесі, ал ортаңғы саусақ пен «балан үйрек», сәйкесінше, оң және сол аяғымыздың кіші нұсқасы. Алақанның өз еншісіне құрсақ пен кеуде тұсы түседі. Осылайша, біздің қол-аяғымыздың бастарында бүкіл ағзамыздың нүктелерін табуға болады. Былайша айтқанда, алыстан басқару тетігі сияқты механизм. «Су-Джокта, — дейді терапевт Айман Нақыпова, — ине салу жүйелері бірнешеу. Соның ең түсінуге оңайы — сәйкестік жүйесі. Мысалы, біреу „бауырым ауырады“ деп келеді. Сол үшін, ұшы сүйірлеу, бірақ теріні тесетіндей үшкір емес аспаппен, алақан мен табандағы бауыр аймағын батыра түрткілеп, қатты ауыратын нүктелерді анықтап алады да, сол жерге ине салады. Бұл айла емшіге аз ине қолданып, қажетті нүктеге дәл түсуге мүмкіндік береді». Екі маманның әдістерінің айырмашылығын іс-жүзінде сезіп көру үшін уақытша симулянт болуға тура келді. Көрнекілік үшін мен «бет бұлшық етінің семуі» деген жалған диагнозды таңдадым. Бұл жағдайда корпоральдық ине әдісіне сәйкес, ине тікелей бетімнің бұлшық еттеріне салынады. Ал Су-Джок тәсіліне сәйкес бетімнің аймағы бас бармағым мен бақайымның басынан табылады. Алтын ине салу әдісі: немен, қалай? Қытай инесін қолмен, кейде қос қолдап, сағат тілі бойымен бұрап (бір қолмен бағыттап, бір қолмен бұрап) енгізеді. Суыратын кезде, керісінше, сағат тіліне қарсы бұрап суырады. «Кей жағдайда, — дейді Иманғали көке, — инемен пістелеу әдісі де қолданылады. Онда бұрамайсың. Тек, ауыру нүктесіне бірнеше рет жылдам-жылдам тығып-суырып, тығып-суырып аласың». Алайда, Имақаң ондай әдісті нәтижесіздігі үшін ұнатпайды екен. Су-Джок емшісі инені бағыттауыш аспаппен, тік бағытта енгізеді (шприц тәріздес). Суыратын кезде қолмен суырады. Алтын ине салғанда ауыртады ма? Ауырсыну әсері әркімге әртүрлі сезіледі. Дегенмен, Су-Джок инеcі қолыңызға кіргенде неғұрлым қатты ауырса, соғұрлым емші нүктеңізге дәл түскені. Иненің кіргені мүлде сезілмесе, ине нүктеге түспеген боп есептеледі. Су-Джок емшісі Айман Нақыпова нүктеме дәл түсті ме, әлде мамам болған соң еркеледім бе, — кейде «Ибай-ибай» деген жарқын-жарқын дауысым шығып қап жатты. Дауыс шығармағанның өзінде, ауырсынудан маңдайдан мұздай тер бұрқ ете қалатын кездер болды. Егер масаның шаққанын «1», ал саусағыңа байқамай балға соғып алуды орташа «5» деп алсақ, нүктесіне дәл түскен иненің ауырсынуын «4»- ке бағалауға болады. Су-Джокта ине көзді ашып жұмғанша теріңізге «кірт» ете қалады. Корпоральдық ине Су-Джок сияқты қатты ауыртпады. Бірақ, енгізу ұзақтығына қарай, кейде жағымсыз, жайсыздық тудырады. Диагностика және ем барысы салынған иненің ауыртқан-ауыртпағанына байланысты емес. Бұрап тығу кезіндегі сыздауды, жоғарыдағы шкалам бойынша 2 балға бағаладым. КИШ сеансында инені бұрап кіргізгенше, көзіңізді бірнеше рет ашып-жұмасыз. «Тіз-з-ір-р-рк» етіп, тызылдатып, сыздатып баяу кіріп жатады. Алтын инелерді неден жасайды? Олардың көлемі мен теріге ену тереңдіктері қандай? Су-Джок инелерінің ұзындығы стандартты 2 см. Ине теріге орта есеппен 2 мм-ге ғана бойлайды. Тот баспайтын болаттан жасалады. КИШ инелері әр науқас түрлеріне әр түрлі: кішісі 3-4 см, үлкені 12-13 см-ге дейін барады. Маған салғаны — шамамен 8-9 см. Денеге кем дегенде 3-5мм-ге, кейде 1см не оданда терең кіреді. Ұзақ кіруі де содан. Оларды ежелде қырыққұлақтан жасаған, кейін тастан, одан соң алтыннан (Капитан Көрінеу көздің пікірінше, «алтын ине» атауы осы кезде қалыптасқан), сондай-ақ оны күмістен де жасаған. Бұ заманда инелердің басым бөлігі тот баспайтын болаттан жасалады. Салған алтын инені қанша уақыт ұстайды? Су-Джок — салынған инелерді 20-40 минут арасында ұстайды. Орта есеппен 20 ине салады. Бірақ, кейде 50-60 ине салынуы мүмкін. КИШ — салынған инелерді аурудың сипатына қарай жеңіліне 5-12 минут (мыс. жүйке талшықтарына жан бітіру), 20 минут — орташасына және ең ұзағы 1 сағат (мысалы: 12-13 см сояудай ұзындарын салғанда) бойы шаншылған күйі ұстайды. Орта есеппен 11-12 ине салады. Алтын инеге тыйымдар, шектеулер бар ма? Расында да, алтын ине қолдануға болатын жағдайлардан бұрын, оны қолдануға болмайтын жағдайларды сөз еткен жөн болар. Айталық, Су-Джок әдісі бойынша ес-түссіз жатқан адамға, әбден әлсіреген организмге ине салуға болмайды. Бұл тыйымдар тізіміне алақаны мен табанын терісі ине салуға жер қалдырмайтындай зақымданған науқастар да кіреді. Корпоральдық тәсіл, өз кезегінде, ісіктің барлық түрлеріне (онкология), себебі анықталмаған дене қызуына және өте арық адамдарға (байғұстың ине шаншар жері де болмайтын шығар :)) қатаң шектеу қояды. Сондай-ақ, ине қабылдап жүрген адам, ем уақытында алкогольды сусындардан бас тартқаны және ыстық моншаға, буға кірмегені абзал. Алтын ине салу курсының ұзақтығы Су-Джокта — 7-12 күн, корпоральдық ине шаншуда — 10 күн. Екеуіне де кейбір ауруларды емдеуге кейде бір сеанстың өзі жеткілікті болып жатады. Науқастар жиі алғашқы сеанстан соң оң өзгерісті сезе бастайды. Ал созылмалы, бойыңды меңдеп, өтіп кеткен сырқаттарға немесе остеохондроз сияқты ұзақ емделетін ауруларға қай түрімен емделсеңіз де, бірнеше курс қажет. Қолданылған әдебиет Қосалқы ресурстар: smile-academy.ru/, www.acupuncturexperts.com/ Аталған тәсілдерден бөлек жапон акупунктурасы және аурикулотерапия (бүкіл ағзаның нүктелері құлақ қалқанында) ж.т.б. түрлері бар. Иманғали атаның айтуынша, олар аса танымал емес. Иә, ауру түрі көп болған соң, оларды емдеу тәсілдерінің де көп болуы заңды. Ал ем таңдаудың негізгі критерийі — жазылып шыққан адамдар саны. Алайда, бейдәстүрлі емшілер бәріне ортақ тіркеу мен статистикалық есеп жүргізбейді, сондықтан «мына жүйе ана жүйеден артық» деп дөп басып айтуға ғылыми негіз беретін нақты клиникалық деректер жеткіліксіз. Өйткені, дәстүрлі медицина шығыс медицинасының жетістіктерін әлі де «плацебо» әсерімен түсіндіруге тырысады. Қай тәсілді таңдау, әрине, еркі өзіңізде, тек оның тиімділігі түптеп келгенде маманның біліктілігіне байланысты екенін ескеру керек. Әйтпесе, мына видеоүзіндідегі жағдайға ұрынуыңыз мүмкін. :) (UPD.09.08.2014)
Авторы:
Gastarbaiter

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту