Ескі архив · 21.08.2014 12:12

Мұрат Өнал - "Әнұран маған ерекше шабыт береді"

Біздің бүгінгі сұхбатымыздың қонағы бірінші лигада өнер көрсетіп жүрген Қыран ФК-ның шабуылшысы Мұрат Өнал. — Мұрат, бүгінгі жеңіс құтты болсын! — Рахмет! — Уақыт тауып келіп отырғаныңа рахмет. Сұхбатымызды бастасақ. Алғашқы сұрақ. Алғашқы добыңды кім сатып алып берді? — Ағам. Қара-қызыл-жасыл аралас доп еді. Түнде жатарда сол допты құшақтап жатып ұйықтайтын едім. — Балалық кезіңдегі жақсы көретін футболшың кім? — Бразилиялық Роналдо. Қақпаға әр түрлі жағдайда теуіп гол соға беретін. — Ал қазіргі ойыншылардан кімнің ойынын ұнатасың? — Иньеста. Оның допты алып жүру мәнері ұнайды. — Төрешінің саған қызыл қағаз көрсетіп алаңнан қуған кезі болды ма? — Ия. Кішкентай кезімде болды. Бір командадан жаман ұтылып жатыр едік. Бір сәт болды, жыным келіп қарсылас ойыншының артынан бір теуіп құлатқанмын. — Ол кезде қай позицияда ойнаушы едің? — Шабуылшы. Мен көбінесе шабуылшы, кейде жартылай қорғаушы болып ойнайтынмын. — Ал ойыншы жетпей қақпашы немесе қорғаушы болып ойнаған кезің болды ма? — Жоқ. Бірақ мен бір жәйтті айтып кетейін. Алдын қай командада ойнасам да бойымның да жасымның да кішілігіне қарамай әрдайым капитан болып шығатынмын алаңға. — Гол соққанды ма әлде гол пасын бергенді жақсы көресің бе? — Гол пасын бергенді ұнатамын. — Командаң ұтылып тұрып, сенің соққан голдарыңмен командаңның камбэк жасағаны болып па еді? — Ия. Ол кезде Аякс ФК-ның дубль командасында ойнайтынмын. НЕК Неймеген командасының дубль командасынан 0-2 ұтылып жатқанбыз. Соңғы 20 минутта мен үш гол соғып командамның жеңісін тойлағанбыз. Сол ойыннан кейін мен Брюггеның дубль командасына трансфер болдым. — Ырымға сенесің бе? — Жоқ, бірақ ойынға шығардың алдында дұғамды оқып шығамын. — Қазақстанға келгелі ойындарда саған не ұнады? — Ойын басталмай тұрып орындалатын әнұран маған ерекше шабыт береді. — Футбол карьераң біткен соң не істемек ойың бар? — Бапкер болып қазақтың қараторы балаларына бір нәрселер үйрете алсам менен асқан бақытты адам болмас еді. — Қазақстанға келіп үйренген жаңа қазақша сөз қайсысы? — Қалайсың? Мен бұл сөзді қандайсың деп қолданушы едім. — Домбыра тарта аласың ба? — Жоқ, бірақ үйренгім келеді. — Футболшы болмасаң кім болар едің? — Банкир боламын деп ойлайтынмын. Мүмкін қазір банкте істеп жүрер ма едім. — Айдаладағы аралға түсіп қалсаң өзіңмен бірге қандай үш зат болғанын қалар едің? — Хахаха (деп күліп алды Мұрат). Ойланайын. (90+4 секундтан кейін берген жауабы) Шашлык, күннен қорғайтын крем және доп. — Астана, Алматы, Шымкент?! — Астана өте әдемі, заманауи қала. Алматы да қыдыратын жері көп өте әдемі қала. Ал Шымкентте қазақтар өте көп. Сол үшін Шымкент маған қатты ұнайды. — Сенің Қазақстан азаматтығын алу жөніндегі шаруа не жағдайда? — Әзірге тыныш. Мен Қазақстанда жұмысшы визасымен жүрмін. Анда санда көші көші-қон полициясына барып тұрамын. Қазақстанда қазақ «турист» болып жүрген маған қызық көрінді және бұл жағдайға ұяламын. Визаның уақыты қараша айының соңында бітеді, бірақ командамның бірінші лигадағы соңғы ойындарында ойнай аламын. — Қазір Қыран ФК бірінші лигада бірінші орында тұр. Премьер лигаға шығу жолындағы көңіл күйлерің қалай? — Командадағы бүкіл ойыншылардың көңіл күйлері тамаша. Бәрінің де алға қойған мақсаты жақсы ойын көрсетіп премьер лигаға шығу. — Егер Қыран ФК бірінші лиганың чемпионы ретінде премьер лиғаға шықса бұл табысты қалай тойлар едің? — Ол чемпиондықты бір қой сойып, шашлык жасатып осы күнге дейін командамызды қолдап келген жанкүйерлермен атап өтер едім. — Ал өзің есте қалар қандай жынды тірлік істер едің ол күні? — Шашымды сарыға боятармын мүмкін (деп бір күліп алды Мұрат) — Сұхбатқа рахмет, Мұрат! Шашыңды сарыға боятқан күні шашлык жеуге болмаса да селфиге түсуге шақырарсың. Алдағы Ақжайық ойынында саған және командаңа табыс тілеймін. Жеңісті күндерде жолыққанша!
Авторы:
shota2030

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту