Ескі архив · 13.09.2014 23:25

Жаңалықтар математикасы

Кез келген өнім секілді тележаңалықтар да тұтынушы, яғни көрерменге дайын күйінде жеткізіледі. Бірақ, ең қысқасы бес минут, ұзақ дегенде бір сағатқа созылатын жаңалықтар бағдарламасының дайындалуы да тұнып тұрған математика. Енді, күн сайын түбір астын шығарып, матрица түзіп жатқанымыз шамалы. Дей тұрғанмен, математика элементтері біздің жұмыста жетерлік. Бүгін сенбі. Біздің арнада «Сенбілік жаңалықтар» тура бір сағатқа созылады. 60 минут. Оның 6 минутын жарнамаға бергеннің өзінде шамамен 54 минуттық материал дайындау керек. Сонымен іске сәт. ____________________________________________________________________________________________________________ Редакция ____________________________________________________________________________________________________________ Алғашқы математика 54 минутты толтыру. Сенбілік жаңалықтардың ішінде «Тілші түйіні» арнайы репортажы бар. Бұл кемі 15 минутты алады. Демек қалған 39 минут үшін тізбе дайындаймыз. Тізбе дегеніміз бағдарламаны шығару барысындағы басты құжат. Оны бекіту — шығарушы және шеф-редакторлардың міндеті. ____________________________________________________________________________________________________________ Тізбе ____________________________________________________________________________________________________________ Материалды, ол кадр сыртындағы мәтін немесе толыққанды сюжет болсын, дайындау барысында хронометражын бірден анықтап отыруға болады. Қалыптасқан тәртіп бойынша синхрон, яғни репортаждың ішіндегі интервьюлердің ұзақтығы әрі кетсе 25 секунд болғаны жөн. Ал, стандарт сюжеттің ішінде үш синхрон болады. Ол 75 секунд. Олардың арасындағы журналистің мәтінін есептеу де оңай. Times New Roman 14 қарпімен жазылған бір жол 4 секундқа тең. Төмендегі суреттегі репортажда жүргізуші сөзімен қоса есептегенде 24 жол мәтін мен 3 синхрон бар. Ендеше, 24*4+25*3=171 секунд (2 минут 51 секунд). Бұл ең жақын болжам. Монтаждан соң нақты уақытын көреміз. Осы сюжетті дайындау үшін барлығы жарты сағаттай шикі материал түсірілгенін де айтып өту керек. ____________________________________________________________________________________________________________ Мәтін ____________________________________________________________________________________________________________ Төртке көбейту демекші, кей адамдарға осы қарапайым математикалық амал қиындық тудырып жатады. Оның оңай жолы бар. Төртке көбейте алмайды екенсіз, берілген санды екі рет екіге көбейтіңіз. Айтпақшы ____________________________________________________________________________________________________________ Егер бағдарлама тек осындай сюжеттерден тұратын болса, бас-аяғы 14 материал керек болар еді. Бірақ, кілең репортаж хабардың динамикасын тежеп тастайды. Сондықтан кадр сыртындағы мәтіндер (КСМ) де дайындалуы керек. КСМ – тек бір ғана жаңалықты жеткізуге арналған қысқа ақпараттық мәтін. Оған да синхрон қосылуы мүмкін. Синхронның максималды хронометражы сол 25 сек. КСМ де 30 секундтан аспағаны ләзім. Алайда, әрдайым бірге бір келу мүмкін еместігін өзіңіз де түсініп отырсыз. Қысқасы, 40 минутты жабу үшін бізге сюжеттер мен КСМ-дарды қоса есептегенде 22-25 материал қажет. Сонымен, жоғарыдағы мәтін монтажға жолданды. Білікті видеоинженер жиырма минутта сюжетті дайындап тастайды. Нақты хронометраж 168 секунд (2 минут 48 секунд). Көріп тұрғаныңыздай, аса алысқа кете қойғанымыз жоқ. Енді бес минут ішінде репортаж эфирді басқару бөлімінің компьютеріне түседі. ____________________________________________________________________________________________________________ Монтаж ____________________________________________________________________________________________________________ Эфир уақыты келгенде тізбедегі материалдың бәрі бірдей дайын болмайды. Сондықтан, тура бағдарламаның барысында шұғыл өзгерістер жасалуы мүмкін. Осы жерде арнаның басты математигі — режиссердің жұмысы басталады. Ол тек көрерменге жолданған картинаның әдемілігіне ғана емес, бағдарламаның дәл уақытында басталып, бітуіне де жауапты. Хабардың соңы таяған сайын ол қалған материалдарды қайта-қайта есептеп, уақытты секундына дейін өлшеп отырады. ____________________________________________________________________________________________________________ Эфирді басқару бөлімі ____________________________________________________________________________________________________________ Студия ____________________________________________________________________________________________________________ Эфир бітті. Бүгінгі бағдарлама үшін сегіз сюжет пен 14 КСМ жасалған еді. Екі КСМ сыймай қалды. Сегіз сюжет жалпы тізбенің 16 пайызы. Бірақ, хронометраждың (40 минут) 53 пайызын жауып тастады. ____________________________________________________________________________________________________________ Жә, жаңалықтарға оралайық. Біздің жұмысымыздағы математиканың ең қарапайым көрінісі осы. Бұдан күрделі кезі де бар. Мысалға, жарық беру, түстер балансын қою, бәрі — математика. Алайда, олармен математикаға жақындау адамдар айналысады. Ал, мынау мен сияқты тап-таза гуманитарлардың қолынан келетіні ғана. ____________________________________________________________________________________________________________ 22:30. Эфир бітті ____________________________________________________________________________________________________________ Айтпақшы, бағдарламаға енбей қалған материалдар, өкінішке орай, «шіріп кетті». Жаңалықтар деген атымыз бар ғой енді. Олардың есебі де жүргізілмейді.
Авторы:
Marco

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту