Жылжымайтын мүлікке инвестиция салу: артықшылығы мен кемшілігі
Менде дәл қазір үй, көлік, дүние-мүлік, киім-кешек алуға ақша пайда бола қалса… және дәл сондай сома артылып қалатын болса… Артық ақшамды қайда жұмсар едім? Бизнеске! Жеке кәсіпке! Ақша құрдан-құр жатпау керек, ол айналымда болып, маған пайда әкелу керек.
Бес-он сомым артыла қалса, бизнеске жүгірерім сөзсіз. Алайда, қай түріне? Осы уақытқа дейін караоке, кофейня ашуды да армандадым, қолөнер бұйымдарымды ұлттық брендке айналдыруды да қиялдадым. О-о-ой, мен жасағым келмеген бизнес қалды ма өзі?)))) Жеке кәсіпке сүңгіп кету үшін алдымен тәуекел керек, одан кейін шыдам, еңбек, төзім, тағысын тағы жалғасып кете береді.
Басымды қатырмай-ақ, бірнеше пәтер алып, оны жалға беріп қоямын деп шешіп отырмын. Иә-иә, тиімдісі осы, түбі іске асырамын.
Рахат емес пе, 2-3 пәтерді 150-200 мың теңгеден тапсырып қоясың да, өзің үйде «потологқа түкіріп жатасың»))). Жүйкең де орнында, артық жүгіріс те жоқ.
Үйге инвестиция салмастан бұрын оның қандай артықшылықтары мен кемшіліктері барын біліп алғаным дұрыс болар деп шештім.
Артықшылықтары
Тұрақты табыс көзі
100 мың АҚШ долларына сатып алған үйіңізді айына 150 мың теңгеге жалға беріп қойсаңыз, сабылып жұмыс істеп те қажеті жоқ. «Жұмысымнан айрылып қалмас па екенмін» деген қорқыныш та мазаламайды. Ай сайын жайдан-жай түсіп тұрған ақшаны тиіспестен жинасаңыз, тағы бір жылжымайтын мүлікті болуға мүмкіндік бар. Қысқасы, жылжымайтын мүлікке инвестиция салу — айсайынғы кірістің сенімді әрі тұрақты көзі.
Баспана құнын жоймайды
Қазақстанда соңғы он жылдықта баспана қымбаттамаса, арзандаған емес. Құны мен өзектілігі артып жатыр, артып жатыр. Қазір үйі бар адам ауқатты жандардың қатарына ене бастаған секілді, меніңше. Әсіресе, Алматы мен Астанада.
Артық үйіңіз болса, киім секілді «мезгілі өтіп кетеді-ау, сәннен қалып кетеді-ау», тағам секілді «сақтау мерзімі өтіп кетеді-ау, жарамсыз боп қалады-ау» деп еш қорықпайсыз.
Алып-сату арқылы табысты ұлғайту
Ертерек арзанға алынған үйді өз бағасынан қымбатқа сатуға да болады. Өйткені, баспана бағасы күннен-күнге артуда. Тіпті бір үйді алып, сәл-пәл жөндеуден өткізіп, бағасын өсіріп өткізуге де мүмкіндік бар. Көзін тапса, бұл процесс те жемісті.
Балаға мұра
Көзді ашып-жұмғанша балаңыз ержетіп, қызыңыз бойжетіп қалады. Бірнеше жыл бойы жалға беріп, әбден нанын жеп аласыз да, соңында пәтерді өз алдына отау құрған ұл-қызыңызға сыйлап жібересіз. Керемет емес пе, сіз де мәз, балаңыз да мәз.
Кемшіліктері
Бастапқы шығындар
Жылжымайтын мүліктен түсер пайдаға күмп етпестен бұрын қомақты қаржыны шығару керексіз. Дайын үйді Астанадан өлдім дегенде 50-60 мың АҚШ долларына аласыз. Онда да жағдайы мәз емесін, шаршы метрі азын.
Ал, қымбат үйді қымбатқа жалға беретініңіз әу бастан-ақ белгілі. Ол үйді алған күннің өзінде ішін жиһазға толтырып, жөндеу жұмыстарын жүргізу керексіз. Ай сайынғы коммуналды төлем ақысы бар. Жалға беріп отырған объектіңіз үшін төлейтін арнайы салықты ұмытпаңыз, табыс салығын да еске салайын. Ой, тізе берсе, шығын деген шаш етектен.
Жалға алушыны іздеу
Қазір пәтерді жалға алушы да көп, беруші де көп. Оған қоса, риэлтор да көп. «Күріштің арқасында кұрмек су іштінің» кері келіп, ортадағы алып-сатарлардың дәурені жүріп тұр. Қызметіне сұрар құны да аз емес, жалға берілетін пәтер құнының 10-20 пайызы. Пәтеріңізді жалға алушылар жылдап тұрса жақсы, ай сайын бірі кетіп, бірі келіп жатса, риэлторларға «жем боласыз». Үйіңізге тұрғын іздеу де оңай жұмыс емес, қанша уақыт пен жүйкені қажет етеді. Енді… күніне соғылған пәленбай қоңырауға жауап беріп отыру керек қой. Таңдау өзіңізде: алып-сатардың ақысы не өз энергияңыз, уақытыңыз, жүйкеңіз.
Шұғыл түрде қаржы алу мүмкін емес
Салым объектіңізден шұғыл қажет болған қаржыны суырып алу мүмкін емес. Төтеннен ақша қажет бола қалса, пәтеріңізге сенім арта алмайсыз. Өйткені, сіз қойған бағаға келісетін сатып алушыны сарыла күту керексіз. Ол бірнеше айға, тіпті жылға созылуы мүмкін. Жылжымайтын мүлікті жедел сату үшін құнының нарықтағы бағадан бірнеше пайызға төмендейтініне келісуге тура келеді.
Комиссиялық төлемдер
Жылжымайтын мүлікті сату/сатып алу барысында кездесетін ең атаулы мәселе. Үйді сатсаңыз да, сатып алсаңыз да кәсіби бағалаушылардың, заңгерлердің, риэлторлардың комиссиялық төлем ақысынан қашып құтыла алмайсыз. Оларға беретін қаржыңыздың орны үйірейіп қалуы да мүмкін. Риэлторлар 1 пайыздан кем ақша алмайды.
Мен бәрібір ойымды өзгертпеймін: ақшамды жылжымайтын мүлікке салам :)
