МАНЕКЕН
Шыны бутик ішіндегі бикешім,
Жаныңнан мен ылғи өтем төтесін.
Бір жақсысы, күнде күтіп тұрасың,
Одан жақсысы, тұрып күнде күтесің.
Күнде күтіп, күнде күтіп, талмайсың,
Ойымдағы әйеліме аумайсың.
Бір жақсысы, айқайласам көнесің,
Одан жақсысы, сен айқайлай алмайсың.
Иә, менің арман жарым сондай шын,
Анда-мында қыдырып еш бармайсың.
Бір жақсысы, кигізгенді киесің,
Одан жақсысы, киім сұрай алмайсың.
Қазір қатын алар болсаң сорлайсың,
Ал, сен ешбір оғаш қылық салмайсың.
Бір жақсысы, ұрғаныма көнесің,
Одан жақсысы, қайтып ұра алмайсың.
Ренжіткенде, қабақ түйіп қалмайсың,
Аузыңды да еш өсекке малмайсың.
Бір жақсысы, қашып кете алмайсың,
Одан жақсысы, қашып кете алмайсың.
Айналайын пластикалық жарекем!
Бірақ, бізге бір кедергі бар екен.
Бір жаманы, неке заңы бойынша,
Манекенге үйленбейді манекен.
