Астана мен Алматы арасын жалғаған әуежол
Елімізде жолаушылар үшін күннен күнге әуе қатынастары қолжетімді бола түсуде. Астана мен Алматы арасында аптасына 100-ден астам әуе рейстері орындалуда. Бұл туралы кеше Астанада әуежай мәселелеріне арналған ИАТА конференциясында ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов мәлім етті деп, хабарлады today.kz ақпараттық сайты.
– Ішкі әуе рейстерін Қазақстанның 6 әуе компаниясы 42 бағдар бойынша орындап келеді. Аптасына 500-ден астам рейстер жасалуда. Қазіргі кезде екі бағдар бойынша, яғни, Алматы-Астана және Алматы-Шымкент рейстерін 4 әуе компаниясы іске асыруда. Оның ішінде Алматы мен Астана арасында аптасына 110 рейс орындалады немесе тәулігіне орташа алғанда 15-16 рейсті қамтып отыр, — деді комитет басшысы.
Б. Сейдахметовтің сөзіне қарағанда, 9 бағдар бойынша рейстерді үш әуе компаниясы атқарса, тағы 9 бағдарды екі компания және қалған 21 бағдарда жолаушыларды бір әуе компаниясы тасымалдауда. Ішкі нарықта компаниялардың үлесіне тоқталатын болсақ, «Air Astana» 65 пайызды, «SCAT» 18 пайызды, «Bek Air» 16 пайызды құрады.
