Ескі архив · 26.11.2015 10:17

Енді түсіндім

Мына жердегі пікірімді толықтыру керек болды. Жаңа тақырып етіп аша салуды жөн көрдім. Сонымен қазақтар неге бұлай шатасып жүр десем, гәп мынада екен. Араб тілінде осы талқыланып жатқан екі сөзге ұқсас тағы бір сөз бар екен. Ол сөз — صلابة (salabat) деген сөз. Араб-орыс сөздігі мағнасын «выносливость; ригидность; устойчивость» деп беріп тұр. Қазақтарға қарағанда араб сөздерін бұзбай айтатын тәжік, өзбек, татарларда да осы сөз осы бар екен, сол мағнада. Енді өзіміздің сөздіктегі салауатТЫ деген сөзге қарайық. Яғни, бірінші мағнасы жоғарыда айтылған салабат деген сөзбен дәл келіп тұр. Демек, «салауатты өмір салты» деген тіркесте «пайғамбарға салауат» дегендегі صلوات салауатсөзі емес екен, ол жерде басқа сөз — «устойчивость, твердость» деген мағна беретін صلابة (salabat) деген сөз екен. Қазақтар жалпақ тілмен бұны да «салауат» деп айтып кеткен болып тұр. Сонда әртүрлі мағна беретін арабтың екі сөзі қазақшада бірдей айтылатын боп тұр. Осы орайда «сонда *салауатты өмір салты* боп қала бергені дұрыс па?» деген сұрақ туындайды. Меніңше, бәрібір дұрыс емес. Біріншіден «денсаулықтың» мағнасын «саламат» сөзі дәлме-дәл жеткізіп тұр, «салабатқа» қарағанда. Екіншіден, айтқандай, «салабат» сөзі қазақ тілінде мағнасы тым бөлек тағы бір сөз «салауат» сөзімен бірдей дыбысталатын болып тұр. Сондықтан, «саламатты өмір салты» деуіміз керек. Бірақ ешкім олай демей жүр.
Авторы:
ken

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту