Star Wars қазақша және жалпы
Star Wars-қа барып келдім. Жетінші эпизод қой. Жабық көрсетілім деген аты болмаса, сол баяғыдай қытыр-қытыр поп-корн жеп, телефонға шұқшиған, бірі кіріп, бірі шығып, сеңдей соғылысқан жұрт. Кино көруге қашан келеді екен жұрт?!
Бала күннен орысша оқып, орысша көріп келе сатқан саганы туған тіліңде көрген қызық екен. Шын айтайын, үлкен күмәнмен барғам, ұнамай қалады-ау деген скептик көзқарасым басым болды. Шүкір, тәржіма да, оқыған актерлердің шеберлігі де 100 пайыз болмағанмен, көкейдің тереңінде жатқан үмітті ақтады.
Ақталмаған тұсына келсек. Осы фильм қазақшаға шығады дегеннен бері «The Force (Сила)» деген ұғымды қалай аударады деп ойлап келіп едім. «Күш» деп аударылды. Менің келіспейтін тұсым осы. Бұл ұғым құр ғана «күш» деген сөздің аясына сыймайды, қалай қарасақ та.
«Force (Сила)» – бұл джедайға қуат беретін нәрсе. Бұл барлық тірі жәндіктер тудыратын энергиялық алаң. Ол бізді қоршап тұр, біздің денемізді көктей өтіп тұр. Ол бүкіл Әлемді байланыстырады». Бұл Оби Ван Кеннобидің сөзі.
Сагадағы «Force (Сила)» ұғымы оны игерген тіршілік иелеріне тек физикалық күш емес, менталды мүмкіндіктер береді. Оның арқасында заттарды орнынан қозғап, найзағаймен атуға, адамның санасына әсер етуге, тіпті соғыс кезінде «менталды бомба» деп аталатын қару қолданып, тұтас армияларды қашырып жіберуге болады.
Байқасыз ба, оны құр күш деген мағынасын ашпайды. Менің ойымша, «құдырет» деген сөз әлдеқайда дәл келеді. Жетінші эпизодтың соңында генерал Лея Органа-Соло «Күш сенімен бірге болсын» дейді, ағылшыншадан да, орысшадан да тура аударғанда дұрыс-ақ, бірақ қазақшаласақ «Құдырет жар болсын!» деген нысанаға дәл тиіп тұр.
Біреуге күлкілі, біреуге бәрібір шығар, бірақ бұл сагадағы ең басты ұғым. Сондықтан аудару кезінде оның этимологиясын, табиғатын, философиясын тереңірек зерттеу керек еді.
Қалғаны жап-жақсы, аудармасын айтам. Күлкілі диалогтар да сәтті аударылған. Эмоциалар да бар. Енді орысшасын көрген соң басқа ой туып қалуы мүмкін. Қазір қазақшасын көргеніме өзіме де ризамын, аударғандарға да алғыс. Тек келесіде осындай сагаларды аударғанда мен сияқты фанаттардан кеңес сұрай салсаңыздар болады.
Енді фильмнің өзі туралы. (Спойлерлер бар) Шынымды айтайын Джей-Джей Абрамстан әлдеқайда көп нәрсе күтіп едім. Бірақ ол бірінші кезекте ностальгиялық ноталар мен болашақтағы жобаларына басымдық бергені байқалады. Ох, ностальгиялық ноталарды әдемілеп тұрып, фильмнің өн бойынша үзік-үзік шашыратып тастаған. Енді босата бергенде келесісі жүректі шымырлатып жібереді. Империялық жойғыш крейсер, «Мыңжылдық сұңқар», Хан Соло мен Чубакканың оралуы, Лея Органа, Икс қанатты шабуылдаушы корабльдер… ууух, рахаттанып қалдым, тіпті кейде көзге жас та келді.
Дегенмен жетінші эпизод бұрынғыларға тым ұқсас. Тағы да басты қатер «Өлім жұлдзынан» төніп тұр. Бұл жолғысы бұрынғыларынан анағұрлым үлкен әрине, бірақ идея бір. Ол планеталарды құрта алатын жойқын қару, бірінші кезекте соның көзін құрту керек. Ал кеттік, бәріміз жабыламыз, әдеттегідей Хан Соло мен Чубакка алдыңғы шепте.
Сюрприз басқа жерден «Құдыретті» кім меңгергенінен туды. Фильм пиарщиктерінің осы күнге дейін тамаша жұмыс істеп келгенін айту керек. Алайда, өзінің бойында «Құдырет» бар екенін бүгін ғана білген жан, жылдар бойы жаттыққан, бластерден шыққан лазердің өзін тоқтата алатындай деңгейге жеткен ситті қылыштасып, жеңіп тастауы дегеніңіз… Are you fucking kidding me?!!!
Мынау дегеніңіз қорлық қой! Бүгіл саганы, философиясын, «Құдыретті» аяққа таптау! Осыған дейін қаншама жыл жаттыққан Анакин Скайуокер де, Люк Скайуокер де өздерінің алғашқы қарсыластарын жеңбек түгіл қолдарынан айрылып қалған еді. Ал мынау, көзін бір жұмды да, қарсыласын пытырлатып тастады. WTF?!!!
Неге?! Қалай?! Мүмкін бұл жолғы қаһарман осыған дейін өмір сүрген Скайуокерлерден, Йода, Винду, Джин, Кенноби, Палпатин, Бейн, Марк Рагнос, Экзар Кундардан да құдыреттірек шығар?! Олай болса саганың жалғасы шығуы тиіс. Осының бәрі түсіндірілуі керек. Әйтпесе, ренжіп қалдым.
Айтпақшы, Хан Соло осыған дейін шыққан романдарда Чубаккадан кейін өлетін сияқты еді. Бұл жолы тыраң асты да қалды. Бірақ мүрдесін көрген жоқпыз.
Жалпылай алғанда, осындай ньюанстарын есептемегенде фильм жаман емес. Фильмотекадан өзіне тиесілі орнын алды. Дегенмен көкейде қалған сұрақ көп. Фанаттардың форумдарында әңгіме қызып жатыр. Ортақ ой сол – жалғасы жоспар күйінде қалмай, міндетті түрде түсірілуі керек. Мүмкін Соло тірі шығар, не дегенмен баукеспе Хан Соло ғой ол.
