Ескі архив · 14.04.2016 13:41

"SuperТой" - супер кино!

Кеше киноның алдын ала көрсетілімі болады деген соң бардым. Біреу біреуге, ол біреу Аршатқа, Аршат маған айтты. Шынын айтсам құрдастың көңілін қалдырмаймын деп бара салдым. «Е, құдай, біздікілер не түсіреді дейсің?» деген ой басым болды. Қателесіппін. Фильмнен алған алғашқы әсер «Керемет стеб!» («Керемет шымшыма әзіл!» деп жазғым келген, бірақ ол ойды толық аша алмайды, сондықтан бұл стеб"). Күнделікті өткір мәселелер жаңа қырынан әдемі жеткізілген. Және ол сюжетке әдемі өрілген. Өзім де аз күлетін адам емес едім, фильмді қарап отырып тіптен аузым жабылмады. — Сен не киіп алғансың? — Ұлттық киім! — Бұл Шотландықтардың ұлттық киімі ақымақ! — Біле білсең Шотландықтар да қазақтардан шыққан! Фильм негізінен орыс тілінде жүрсе қазақи, тіпті ұлтшылдық бағытта. Әр қазақтың жан дүниесін (кеңдігін, мақтаншақтығын, әсіресілтеушілігін т.б. қасиеттерін) өте астарлы әзілмен жеткізген. Түсіну үшін кішкене интеллект пен «самостеб» ("өзін өзі әжуалау" деген тағы келмейді) керек. Бұл қазіргі өріп жүрген «псевдопатриоттарға» әрине ұнамайды. Сондықтан "құсық кино" деген пікірге сенбеңдер :) — Мына жапон не істеп жатыр? — Баласы жапон тілінен «төрт» алғаны үшін өзіне харакири істегелі жатыр! — Ойбой, бізде сүйтетін болса мен қазір өзіме мың харакири істейтін шығармын... Әрине, идея сондай супер жаңа емес. Тіпті кейбір жерде сюжеттің өрбуін тұспалдап біліп те отырдық. Кейбір жерін кей киноларға да ұқсаттық. Бірақ ішіндегі құрамы («наполнение» бүгін орысшаға шабыт ашылып тұр) өте жоғары деңгейде. Бұл барлық кемшіліктерін жауып тұр. Жұмыс. үй, банк, полиция, зиялы қауым, көше мәдениеті, той, понт, барлығы, барлығы сауатты қамтылған. — Тойдың тізімінде неше адам болды? — Жүз елу үш! — Ойбай! Онысы несі? Ертең ел не айтады? Қосайық тағы, екі жүзге жеткізейік! Естіген елден ұят емес пе? Егер «самокритикаң» дамыған болса, қазіргі қоғамға күле қарай алсаң барып қайтуға бек тұратын фильм. Ал типі #ұлтісімен айналысатын, әсірепатриот жандар жүйке жүйесін сақтау мақсатында бармағаны жөн. Ну, енді ұрынарға қара таппай жүрсең барып қайт, жамандайтын бір нәрсе керек қой.
Авторы:
kozildirik

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту