Ескі архив · 19.10.2016 23:44

Елордада тұрғын үйлер мен құрылыс нысандарының саны артып келеді

Астана қ. Статистика департаментінің ресми мәліметтеріне сәйкес, елордада тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, құрылыс нысандарының саны ұлғайды. 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар көлемі 99 081,4 млн теңгені құрады, бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштің 101,1% құрайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінде тұрғын үй құрылысында игерілген қаражаттар үлесі — 18,3%. Барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 14 903 пәтерге арналған тұрғын үйлер пайдалануға берілді, тапсырылған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 1 644 497 шаршы метрді құрады, бұл 2015 жылғы қаңтар-қыркүйектегі көрсеткіштен 29%-ға көп. Жеке салушылар жалпы ауданы 124 791 шаршы метр тұрғын үй салған. Бұл 2015 жылғы қаңтар-қыркүйектегі көрсеткіштен 3,8 есе көп. Тұрғын үйлерді пайдалануға берудің жалпы көлемінде жеке тұрғын үй құрылысының үлесі 7,6%-ды құрады, 2015 жылғы қаңтар-қыркүйекте 2,6% болған. Елордада 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте тұрғын үйлердің жалпы ауданының 1 шаршы метрін салудың орташа нақты шығыны 128,9 мың теңгені, оның ішінде жеке салушылардың тұрғызылғаны 105,2 мың теңгені құрады. Сондай-ақ, нысандардың құрылысында да өсім байқалып отыр. Ведомствоның мәліметінше, 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте Астана қаласының кәсіпорындары мен ұйымдары 399 775,5 млн теңге сомасына құрылыс жұмыстарын орындады. Орындалған құрылыс жұмыстары көлемінің ең жоғары үлестік салмағы 54,6%-ы жеке меншік мердігерлік ұйымдарға, 45,3%-ы шетелдік мердігерлік ұйымдарға тиесілі, мемлекеттік мердігерлер жалпы көлемнің 0,1%-ын орындады.
Авторы:
astananews

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту