Ескі архив · 01.11.2017 15:32

Нөсер

Бұлт торлады аспанды, Көк жүзінен жас тамды. Сап тиылып долы жел, Нөсер жауын басталды. Көк аспанның күркірі, Тал-теректі сілкіді. Адамзатқа – несібе, Жаздың осы бір күні. Қара нөсер құйды бір, Жер-Ананы сүйді нұр. Ауырсынып тамшыны, Басын төмен иді гүл. Ақ күшігім бұғынды, Үйшігіне тығылды. Балапандар пана іздеп, Әрлі-берлі жүгірді. … Аспан қайта нұрланды, Шуақ шашты күн нәрлі. Нөсерден соң дүркіреп, Әсем гүлдер бүр жарды. Ауыл да енді ажарлы, Дала да енді базарлы. Бақшадағы бар ағаш, Шаң-тозаңнан тазарды. Жапырақтан ән құлап, Бір жаңарып қалды бақ. Саф ауамен тыныстап, Дала жатыр балбырап. Тіршілік те жанданды, Нұр көмкерді бар маңды. Жер мен көктің арасы, Жібек жіппен жалғанды…
Авторы:
quatadis

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту