@arshat · b/AI · 16.09.2026 22:30

GPT-6 Astra: кімге керек және не істей алады?

39 оқу0 комент3 минПост
GPT-6 Astra: кімге керек және не істей алады?
OpenAI жаңа GPT-6 Astra моделін шығарды. Оның басты ерекшелігі -  сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, нақты жұмыстарды орындауы. Мысалы, сайт жасап, оны тексереді, құжаттарды зерттейді, есеп дайындайды, тіпті рұқсат берсеңіз, компьютердегі бағдарламалармен жұмыс істей алады. Яғни ChatGPT біртіндеп кеңес беретін құралдан тапсырма орындайтын цифрлық көмекшіге айналып келеді.

Қандай жұмыстарға жақсы?

Бағдарламалау. Сайт немесе қосымша жасайды, кодтағы қателерді іздейді, жаңа функциялар қосады, тест жүргізеді. Әсіресе бірнеше файлдан тұратын күрделі жобалармен жұмыс істеуге ыңғайлы.

Құжаттар мен аналитика. Көптеген PDF, Word және Excel файлдарын зерттеп, мәліметтерді салыстырады. Есеп, презентация, қаржылық модель және кесте дайындайды.

Зерттеу. Интернеттен ақпарат жинайды, бірнеше дереккөзді салыстырады, нәтижесін жүйелейді. Журналистер мен зерттеушілерге пайдалы.

Компьютерде нақты не істей алады?

Меніңше Astra-ның ең қызықты мүмкіндігі осы.

ChatGPT-тің компьютерге арналған қосымшасында Work немесе Codex режимін пайдаланып, қажетті рұқсаттарды бересіз. Сонда ол экрандағы бағдарламаларды көріп, батырмаларды басып, мәтін енгізе алады.

Мысалы, Excel файлдарын ашып, деректерді біріктіреді, браузерде сайтты тексеріп, қателерін анықтайды. CRM жүйесіндегі клиенттер туралы ақпаратты жаңартуға, онлайн формаларды толтыруға немесе бағдарламаны орнатып, жұмысын тексеруге көмектеседі.

Рұқсат қалай беріледі?

Компьютерге орнатылған ChatGPT қосымшасында жұмыс істейтін папканы таңдап, соған қолжетімділік беруге болады. Браузерде жаңа сайтқа кірер алдында рұқсат сұрайды. Қажет болса, белгілі бір сайтқа тұрақты рұқсат беруге немесе мүлдем бұғаттауға болады.

Парольді чатқа жазудың қажеті жоқ: сайтқа өзіңіз кіресіз. Ал төлем жасау, броньды растау немесе деректерді жою секілді маңызды әрекеттерде жүйе қосымша мақұлдауды талап етеді.

Бір ерекшелік: браузердегі Work бұлттағы бөлек компьютерде де жұмыс істей алады. Ол сіздің жеке компьютеріңіздегі файлдарды автоматты түрде көрмейді. Жергілікті файлдармен жұмыс үшін компьютерге арналған қосымша мен тиісті рұқсат қажет.

Лимиттері қандай?

Astra әзірге барлық пайдаланушыға бірдей көлемде берілмейді. Plus тарифінде Work және Codex режимдерінде қолжетімді. Ал Pro тарифінде лимит көбірек және әдеттегі чатта Astra негізіндегі GPT-6 Pro нұсқасын пайдалануға болады.

OpenAI жариялаған бес сағаттық шамамен лимит:

Тариф және хабарлама саны

Plus - 5–45

Pro $100 - 25–225

Pro $200 - 100–900

Бұл нақты хабарлама саны емес, шамамен көрсеткіш.

Мұны қалай түсінуге болады?

Мысалы, Plus тарифінде бес сағат ішінде 45 қарапайым тапсырма орындай алуыңыз мүмкін. Бірақ үлкен сайт жасау немесе жүздеген беттік құжаттарды зерттеу сияқты күрделі тапсырмалар лимитті әлдеқайда жылдам жұмсайды.

Бұған қоса апталық лимит бар. Яғни бес сағаттық шектеу жаңарғанымен, апталық қор таусылса, жұмысты жалғастыра алмайсыз.

Work пен Codex ортақ лимитті пайдаланады. Ал кәдімгі чаттағы GPT-6 Pro лимиті бөлек есептеледі. Қалған лимит пен оның қашан жаңаратынын Settings → Usage бөлімінен көруге болады. Қажет жағдайда қосымша кредит сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.

Кімдерге керек?

Astra ең алдымен бағдарламашыларға, журналистерге, аналитиктерге, зерттеушілерге және бірнеше жұмысты қатар жүргізетін мамандарға пайдалы.

Ал ChatGPT-ті негізінен мәтін жазу, аударма жасау немесе қарапайым сұрақтарға жауап алу үшін қолдансаңыз, Astra-ға лимит жұмсаудың қажеті шамалы. Ондай жұмыстарға әдеттегі модельдер жеткілікті.

Менің пікірім: Astra-ның басты құндылығы - ақылды жауап беруінде емес, дайын нәтиже шығара алуында. Оған жұмысты дұрыс тапсырып, қажетті рұқсаттарды берсеңіз, бірнеше сағаттық жұмысты едәуір жеңілдетуге болады. Бірақ маңызды нәтижені тексеру жауапкершілігі бәрібір адамда қалуы керек.

Бағалау
0

Коменттер

Әзірге комент жоқ.

Комент жазу үшін жүйеге кіріңіз.